1 200 000 теңге айыппұл: 1 шілдеден бастап көлікті қай жерлерге қоюға болмайды?
1 шілдеден бастап Қазақстанда көліктерді аулаларда қараусыз қалдыруға және балалар алаңдарында тұраққа қоюға тыйым салынады.
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің бұйрығы бойынша, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың жаңа Үлгілік қағидалары күшіне енеді. Негізгі жаңалықтардың бірі – автокөліктерді аулаларда ұзақ уақытқа қалдыру мәселесіне қатысты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Жаңартылған абаттандыру қағидаларына сәйкес, автокөліктерді арнайы қарастырылмаған жерлерге қоюға тікелей тыйым салынады. Бұл талапты бұзған жағдайда 1,2 миллион теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің бұйрығына сілтеме жасаған Digital Business басылымы хабарлады.
Жаңа қағидалар тұрғын үйлердің маңындағы аумақтарда көлік тоқтатуға және қоюға болмайтын орындардың нақты тізімін белгілейді.
Тыйым келесі орындарға қатысты қолданылады:
- тротуарлар;
- балалар және спорт алаңдары;
- жасыл желектер орналасқан аумақтар;
- көгалдар;
- қоқыс контейнерлері орналасқан алаңдар және оларға іргелес аумақтар;
- сондай-ақ автотұрақ ретінде арнайы қарастырылмаған кез келген орындар.
Бұдан бөлек, бөлшектелген, жарамсыз күйдегі немесе ұзақ уақыт қараусыз қалған («тастанды») автокөліктерді қоюға да тыйым салынады.
Құжатқа сәйкес, аулалар мен ортақ пайдаланылатын аумақтарды жобалау кезінде автокөліктердің көгалдарға шығып кетуіне жол бермейтін арнайы физикалық кедергілер қарастырылуы тиіс.
Сонымен қатар, ықшамаудан ішіндегі және аула ішіндегі жолдарға тұрғындардың өз бетінше темірбетон блоктар, бағаналар, қоршаулар немесе басқа да бөгет конструкцияларын орнатуына тыйым салынады. Мұндай нысандарды орналастыру құқығы аумақтарды жобалау кезінде жергілікті атқарушы органдарға ғана беріледі.
Қазақстанда абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабына сәйкес жауапкершілік қарастырылған.
Жеке тұлғаларға ереже алғаш рет бұзылған жағдайда ескерту жасалады немесе 20 АЕК (86 500 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Қайталанған жағдайда айыппұл көлемі 30 АЕК-ке (129 750 теңге) дейін өседі.
Шағын бизнес субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдар үшін айыппұл мөлшері алғаш рет 30 АЕК (129 750 теңге), қайталанған жағдайда 40 АЕК (173 000 теңге) болады.
Орта бизнес субъектілеріне алғаш рет 40 АЕК (173 000 теңге), қайталанған жағдайда 50 АЕК (216 250 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған.
Ал ірі бизнес субъектілері үшін алғашқы құқық бұзушылық кезінде 100 АЕК (432 500 теңге), ал қайталанған жағдайда 300 АЕК (1 297 500 теңге) көлемінде айыппұл салынады.
2026 жылдың наурыз айынан бастап әкімшілік хаттамаларды тек полиция қызметкерлері ғана емес, жергілікті әкімдіктердің қызметкерлері де толтыра алады.