ЖаңалықтарОқиға

Қазақстанда пойызда жолаушы қайтыс болды: компания оқиғаның мән-жайын айтты

Ер адамның пойыз вагонында кенеттен жағдайы нашарлаған.

Желіде жеке тасымалдаушы «Сары-Арқа Компани» ЖШС пойызында жолаушының қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Хабарламада ер адамның жол жүру кезінде жүрек талмасынан көз жұмғаны айтылған, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Компания оқиғаға қатысты түсініктеме беріп, қайғылы жағдайдың 14 маусым күні кешке №57 «Нұрлы жол – Орал» бағытындағы жолаушылар пойызында, Курорт-Бурабай станциясына жетер алдында болғанын хабарлады.

Тасымалдаушының мәліметінше, ер адамның пойыз вагонында кенеттен жағдайы нашарлаған. Жолсерік бұл туралы бірден пойыз бастығына хабарлап, кейін машинист арқылы жедел жәрдем бригадасы шақырылған.

Марқұмның жұбайының айтуынша, ер адам жүрегіне жасалған отадан кейін емханадан қайтып келе жатқан. Дәрігерлер пойызға сағат 23:49-да келіп, жолаушыны тексерген. Қан қысымын өлшеп, көктамырға дәрі еккен. Алайда көп ұзамай ер адам есінен танып қалған. Сағат 00:30-да дәрігерлер оның қайтыс болғанын тіркеді.

Көкшетау станциясында марқұмның денесі сот-медициналық сараптама жүргізу үшін пойыздан түсірілді. Шұғыл медициналық және тергеу шараларына байланысты пойыздың жүру кестесі 43 минутқа кешіккен.

Back to top button