TOP-2Жаңалықтар

ҚазТАГ бас редакторы Әмір Қасенов қамауға алынды

Алматыда ҚазТАГ ақпарат агенттігінің бас редакторы Әмір Қасеновке қатысты бұлтартпау шарасы өзгертілді. Бұл туралы соттың баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Сот отырысы барысында мемлекеттік айыптаушы ҚазТАГ бас редакторына қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын қамауға алуға ауыстыру туралы өтінішхат берген.

Айыпталушыға 2025 жылғы 24 желтоқсанда үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Сот оған әлеуметтік желілер мен интернетті пайдалануға, хат-хабар алуға және жіберуге, сондай-ақ кез келген байланыс құралдары арқылы сөйлесуге және хат алмасуға тыйым салған. Кейін, 5 маусымда бұл шара өзгеріссіз қалдырылған.

«Қасенов 2 маусым күні бұқаралық ақпарат құралының парақшасында қаралып жатқан қылмыстық іске қатысты жеке видеоүндеу жариялап, үйқамақ талаптарын бұзған. Ал 15 маусымда интернет-ресурстарда қылмыстық іс бойынша медиация мәселесіне қатысты тағы бір жеке видеоүндеу жариялаған», – деп жазылған хабарламада.

Сот мәліметінше, ол 11 маусым күні сағат 10:00-де белгіленген сот отырысына келмеген. Айыпталушы негізгі сот талқылауының басталатыны туралы алдын ала хабарланғанына қарамастан, соттың алғашқы шақыртуымен келу міндетін орындамаған.

Осыған байланысты сот мемлекеттік айыптаушының өтінішін қанағаттандырып, Әмір Қасеновке қатысты бұлтартпау шарасын өзгертіп, үйқамақтың орнына қамауға алу туралы шешім шығарды.

Аталған іс жеке компания – Тимур Турловтың компаниясының арызы негізінде тергеліп жатыр. Тергеу нұсқасы бойынша, бірнеше рет жалған ақпарат тарату арқылы компанияның іскерлік беделі мен мүдделеріне елеулі зиян келтірілген.

Еске сала кетсек, 2025 жылы желтоқсан айында ҚазТАГ халықаралық ақпараттық агенттігі жетекшілеріне қатысты қылмыстық іс қозғалған болатын.

Ақпарат агенттігінің бас директоры Асет Матаев пен бас редактор Әмір Қасенов Freedom Finance компаниясының шағымы бойынша күдікті деп танылды.

Бұл әңгіме әуелі 2025 жылы көктемде басталды. Сәуірде «Freedom Finance компаниясына инвестиция ретінде ақша салып, тақырға отырдық» деген бірнеше адам дәл осы Ұлттық баспасөз клубында жиын өткізген еді. «Алданған кемі 30 адам бармыз» деген олар бүкіл шағымын айтқан. Солардың бірі – 84 жастағы Аида Лукьянова бар жинаған қаражатын Freedom Finance арқылы акцияларға салғанын мәлімдеген. Ақыры ақшасынан қағылған. Ол Тимур Турловты «өз қызметкерлерінің алаяқ әрекеттерінен хабардар бола тұра, еш шара қолданбады» деп есептейтінін мәлімдеген еді.

Алаяқ брокерлердің құрбаны болған тағы бір азаматтың қызы Гүлмира Исаеваның айтуынша, алданған адамдар жалпы сомасы 2,5 млрд теңгесінен айырылған.

ҚазТАГ басылымымен дауда медиациялық шешімге келуге көзқарасыз қалай? Бұл сұраққа Freedom Finance компаниясынан мынадай жауап келді.

«Компанияның пікірінше көрінеу жалған ақпарат пен жоққа шығаруды қамтитын жарияланымдарды жою арқылы соттан тыс реттеу мүмкіндігін қарастырған. Компания сот және құқық қорғау органдарының сұратуы бойынша бірқатар мәлімдеменің көрінеу жалған сипатын толық растауды ұсынады. Бұл талаптар компанияның тарапынан ҚазТАГ-қа жолдаған сотқа дейінгі талаптарда баяндалған. Алайда біз ҚазТАГ тарапынан жауап әрекеттерін байқамаймыз. Егер басылым өкілдері қызығушылық танытса, бұл сұрақтың жауабы компания үшін өзекті болмақ», – деп жазылған жауапта.

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Freedom Finance компаниясының арызы негізінде қамауға алынған ҚазТАГ бас редакторы Әмір Қасеновтің ұсталуы жайлы пікір білдірді.

«ҚазТАГ-пен байланысты жағдай мүдделі күштердің әрекеті ме деп ойлаймын. Мәселен, билік тарапынан мен өзім байқап жүрмін, соншалықты қысым көрген жоқ. ҚазТАГ-тың өзі де мемлекеттік позиция тұрғысынан, «рамкадан» шығып, ала тайдай болып жүрген баспасөз емес. Ол мемлекеттік мүдде тұрғысында, ақпараттық заңнама негізінде жүрген БАҚ. Кейде қоңырсыған тақырыптарды қозғайтын шығар, бірақ ол енді барлық БАҚ-қа тән. Ал алабөтен бірдеңені бүлдірді деп айта алмаймын. ҚазТАГ пен Турловтың азаматтық-құқықтық кикілжіңнен туған мәселе деп ойлаймын», – дейді Бапи.

2025 жылы 23 желтоқсанда Астанада KazTAG бас редакторы Әмір Қасенов ұсталды.

«Жаңа ғана сағат 19:00-де Астананың Есіл аудандық полиция бөліміне тергеу әрекеттеріне шақырылған KazTAG бас редакторы Әмір Қасеновтің ұсталғанын адвокаттары хабарлады. Мұны құқық қорғау органдары мен тапсырыс берушілер – Турлов пен Freedom Finance тарапынан жасалған құқықтық бассыздық деп санаймын. Егер Қазақстанда әділдік бар болса, Әмірге тағылған барлық айып алынып, ол бостандыққа шығуы тиіс», – деп жазды агенттіктің бас директоры Әсет Матаев өзінің Telegram-арнасында.

Адвокат Рена Керимованың айтуынша, Қасеновті ұстау – қылмыстық кодекстің 274-бабының 3-бөлігі бойынша (орташа ауырлықтағы қылмыс) тағылған айып үшін шамадан тыс қатаң шара. Аталған баптың санкциясы бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.

Сондай-ақ, биыл маусым айында ҚазТАГ басылымымен дауы бар «Фридом Финанс» АҚ ресми сайтында мәлімдеме жариялаған болатын.

«Біз медиа қауымдастық өкілдері мен өзге де мүдделі тұлғалардың көптеген пікірлері мен мәлімдемелерін көріп отырмыз. Біз ешқашан журналистерге қатысты, тіпті заңнамада көзделген қатаң жауапкершілік шараларын қолдануға мүдделі болған емеспіз. Материалдық залалды өтеу, жауапты тұлғаларды материалдық жауапкершілікке тарту, редакция тарапынан жария түрде кешірім сұрату және осыған ұқсас өзге де шаралар біз үшін негізгі мақсат емес. Біз үшін ең маңыздысы – компанияның іскерлік беделін қорғау. Компания ҚазТАГ ХАА-ға жолдаған сотқа дейінгі талап-арызында дәл осы талаптарды көрсетті және біз дауды дәл осы шарттар негізінде медиация тәртібімен реттеуге әлі де дайынбыз», – деп жазылған хабарламада.

Back to top button