Жетісуда күйеуін өлтірді деп күдікке ілінген әйел қамауға алынды
Жетісу облысында 45 жастағы ер адам өліміне қатысты тергеу жүріп жатыр. Адам өлтірді деген күдікпен марқұмның жұбайы ұсталды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ПОЛИЦИЯ МӘЛІМЕТІ
Өңірлік Полиция департаменті мәліметінше, қайғылы жағдай 10 маусымға қараған түні Текелі қаласындағы жекеменшік үйлердің бірінде болған.
– Аталған фактіге сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында өлімге әкелген жарақатты ерлі-зайыптылардың бірге ішімдік ішкен кезінде жұбайының салғаны анықталды. Оқиғаның барлық мән-жайын объективті түрде анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Сотқа дейінгі тергеу бақылауда және прокуратура органдарымен келісім бойынша жүзеге асырылып жатыр, – деді Жетісу облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер.
Полиция мәліметінше, сот санкциясымен күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған. Күдікті Талдықорғандағы тергеу изоляторында отыр.
ЖАНЖАЛ ЖИІ БОЛҒАН
Оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде ұсталған әйелді қолдауға бағытталған жазбалар мен үндеулер тарай бастады. Олардың авторлары әйелдің көпбалалы ана екенін және ұзақ жылдар бойы күйеуінен тұрмыстық зорлық-зомбылық көргенін алға тартып отыр.
Атап айтқанда, жарияланған үндеулердің бірінде отбасының көршілері ерлі-зайыптылар жанжалына бірнеше рет куә болғандарын айтқан.
Дегенмен бұл ақпарат құқық қорғау органдары тарапынан әзірге ресми расталған жоқ.
Полиция департаменті барлық қажетті тергеу шарасы аяқталған соң ғана түпкілікті процессуалдық шешім қабылданатынын атап өтті. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етуге жатпайды.