TOP-2ЖаңалықтарҚоғам

Психолог: «Тыңдай алатын адамы бар бала үшін өмір азаптан әрдайым биік тұрады»

Қазіргі қоғамда жасөспірімдердің психикалық денсаулығы өзекті мәселелердің біріне айналып отыр.

Соңғы жылдары жасөспірімдер арасындағы суицид, буллинг және кибербуллинг жағдайлары жиі кездесуде. Көп жағдайда бала өз өмірін қиюды қаламайды, ол тек өзінің жан дүниесіндегі ауыртпалықтан құтылудың жолын іздейді. Жасөспірім үшін бір ауыз жылы сөз, шынайы қолдау мен түсіністік кейде өмірін сақтап қалатын күшке айналуы мүмкін. Ата-аналар, мұғалімдер және қоғам баланың мінез-құлқындағы өзгерістерге бейжай қарамай, оның жан дүниесіне үңіле білуі қажет. Әр бала тыңдалуға, түсінуге және қолдауға лайық. Бұл туралы мектеп қабырғасында 20 жылға жуық психолог қызметін атқарған Айнагүл Ержігітова Tizgin.kz тілшісіне сұхбат берді.

Фото: Айнагүл Ержігітованың жеке мұрағатынан алынды

Психологтың айтуынша, жасөспірімдік кезең – балалық шақ пен ересек өмірдің арасындағы ең күрделі кезеңдердің бірі. Бұл уақытта баланың денесі ғана емес, ойлау жүйесі, эмоциясы мен мінез-құлқы да өзгереді.

«Өз орнын іздеу, өзін басқалармен салыстыру, қоршаған ортаның пікіріне тәуелді болу, достарымен және ата-анасымен қарым-қатынастағы қиындықтар жасөспірімнің психологиялық жағдайына әсер етеді. Бұл кезеңде баланың жан дүниесін түсініп, оны тыңдап, қолдау көрсету ерекше маңызды. Ата-ананың арасындағы дұрыс қарым-қатынастың болмауы, ажырасу, балаға көңіл бөлмеу, физикалық, моральдық немесе эмоциялық түрде қысым жасау жасөспірімді өмірден түңілдіріп, қажытып жібереді. Ата-ананың баладан үнемі үздік болуын талап етуі, мектепте немесе достар арасында мазаққа қалу, достарынан шеттетіліп қалуы, интернеттегі әлімжеттік – мұның бәрі баланың өмір сапасын төмендетеді. Гормондары ойнап тұратып жасөспірім үшін осындай қысымдар болмаса да – қиын», – дейді Айнагүл Елтайқызы.

Маман жасөспірімнің айналасында жүрген адамдар ол қандай сөзді жиі айтатынына мән беруі керек екенін айтты.

«Өмір сүргім келмейді», «Мен бәрінен шаршадым», «Өліп қалсам екен» деген ой көп жасөспірімнің миына келеді. Ол – заңдылық. Ең бастысы ниеттің әрекетке ұласып кетпеуі. Балаңыз «Мен ешкімге кедергі болмайын», «Мені ешкім түсінбейді» деген сөздерді жиі айтса, өлім, қараңғылық немесе өз-өзіне қол жұмсау туралы тақырыптарға шамадан тыс қызығушылық танытса, достарымен араласуды тоқтатып, бөлмесінде жалғыз отыра берсе, бұрын өзі қызыққан хоббиіне немқұрайлы қарай бастаса – ойланып, балаңызбен әңгімелесіңіз», – дейді психолог.

Психолог жасөспірім кезеңде болатын дағдарыс пен нақты өз-өзіне қол жұмсау қаупін қалай ажыратуға болатыны туралы айтты.

«Жасөспірім кезеңдегі дағдарыс – баланың есейіп, өз орнын іздеудегі табиғи және уақытша кезең. Нақты өз-өзіне қол жұмсау қаупі – баланың өміріне тікелей төніп тұрған қатер. Дағдарыс кезінде бала проблеманы шешуге тырысады немесе наразылық білдіреді, ал өз-өзіне қол жұмсау алдында үмітсіздік пен өмірден түңілу басым болады. Жалпы, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, өз-өзіне қол жұмсау қаупіне 15-29 жас аралығындағы жастар және 70 жастан асқан қарттар көбірек ұшырайды. Жасөспірімдер арасында бұл әрекет әлем бойынша ең көп тіркелетін өлім себептерінің бірі саналады», – дейді ол.

Психологтың айтуынша, әлеуметтік желілер жасөспірімдердің психикасына екі жақты әсер етеді. Бір жағынан, ғаламтор қарым-қатынас орнатуға және жаңа білім алуға көмектессе, екінші жағынан мазасыздық, күйзеліс және ұйқының бұзылуы сияқты қауіптерді тудырады. Бұрын ауылда оқушылар далада ойнаса, қазіргі балалардың «даласы» – әлеуметтік желі. Бұл да – шынайы өмірден қашудың бір жолы. Уақыт жағын қадағаламаса ол тәуелділікке айналып кетуі әп сәтте.

«Көп ата-ана баласы өлім туралы айтқан кезде «Жәй ғана қорқытып тұр», «Назар аудартқысы келеді» деп ойлап, «Олай сөйлеме!», «Ұят емес пе?» деп ашуланады. Бұл – баланың ешкімге сенбей, тұйықталып қалуына себеп болуы мүмкін. «Қарашы, басқалар қалай оқып жүр?!», «Сененде қиын жағдайда жүргендер бар!» деп баланың сезімдерін құнсыздандыру балаға жалғыздық сезімін алып келеді», – дейді Айнагүл Ержігітова.

Ол баланы басқа ешкім түсінбесе де – мектеп психологы түсіне алуы өте маңызды екенін айтты.

«Сені түсінетін жалғанда бір жан болса – өмірден өтіп кету туралы ойламайсың. Сені бір адам болсын тыңдай алса – өмір азаптан гөрі биіктей түседі. Оқушының бойында алаңдатарлық белгілер байқалса – жеке әңгімелесуге шақыру керек. Оқушы сөйлеп отырған кезде сөзін бөлмей, басыңды изеп, оның сөзін мұқият тыңдап тұрғаныңды көрсетуің керек. Оқушыға «Маған осының бәрін сеніп айтқаның – мен үшін өте маңызды», «Мен сені айыптамаймын, саған көмектескім келеді» деген сөздерді айтқан дұрыс. Өлім туралы ойлап жүрген оқушымен психолог ретінде жақсы байланыс орната алсаңыз – оның өмірін құтқарып қалуға үміт бар деген сөз. Сынып жетекші баланы психологқа баруға мәжбүрлемеу керек. «Мектепте саған бұл қиындықтан шығуға көмектесетін маман бар, қаласаң бірге барайық» деп таңдау жасату керек», – дейді психолог.

Сондай-ақ, ол жасөспірім тәрбиелеп отырған ата-аналарға кеңес айтты.

«Балаңызды басқа балалармен салыстыра бермеңіз. Балаңыздың болмысы қандай – сондай күйде қабылдауға тырысыңыз. Балаңыздың жеткен жетістіктерін мақтап, оған қолдау көрсетіңіз. Онымен бірге уақыт өткізіп, ашық сөйлесіп, оның пікіріменде санасып, ортақ шешімге келудің амалын қарастырыңыз. Баланың шығармашылық қабілетін байқасаңыз – сол қабілетін ары қарай дамытуға көмектесіңіз. Балаға ата-анасы өз іс-әрекетімен үлгі бола білу керек. Мысалы: балаңызға кітап оқуды дағдыландыру үшін, өзіңіз кітап оқуыңыз керек. Бала ең алдымен сізден үлгі алады», – дейді ол.

Back to top button