Ақсуда терезеден құлаған 2 жасар бала ауруханада көз жұмды
Павлодар облысында жыл басынан бері балалардың терезеден құлауына қатысты үш оқиға тіркелген.
Ақсу қаласында кеше 3-қабаттағы терезеден құлап кеткен 2 жасар ұл бала облыстық ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 11 маусым күні Ақсудан облыстық балалар ауруханасына жеткізілген бала барлық медициналық көмекке қарамастан, ота жасау барысында алған ауыр жарақаттары салдарынан қайтыс болған. Дәрігерлер оның жарақаты өмір сүруге жарамайтын күйде өте ауыр болғанын атап өтті.
Павлодар облысы полиция департаментінің хабарлауынша, кәмелетке толмаған баланың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз етпеу фактісі бойынша тексеру шаралары жүргізілуде. Олар оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған. Тексеру қорытындысы бойынша заңды шешім қабылданады.
Еске сала кетсек, кеше Талдықорғанда 1 жасар сәби көпқабатты үйдің терезесінен құлап кетті. Полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.