Әлемдегі ең қымбат чемпионат басталды: Мексика құрамасы ОАР командасын 2:0 есебімен жеңді
Кездесу Латын Америкасындағы ең үлкен футбол аренасы саналатын, 87,5 мың көрерменге арналған стадионда өтті.
Әлем чемпионатының ашылу салтанаты Латын Америкасындағы ең үлкен футбол стадионында өтті. Арена 87,5 мың көрерменді қабылдай алады. Турнир аясында барлығы үш ресми ашылу рәсімі ұйымдастырылып, Солтүстік Американың 16 қаласында 104 матч өткізу жоспарланған, деп хабардайды Tizgin.kz.
ВВС басылымының мәліметінше, 12 маусымға қараған түні Мехикода 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Биыл ашылу салтанаты ь тарихта алғаш рет үш елдің – АҚШ, Канада және Мексиканың аумағында қатар ұйымдастырылып отыр. Ашылу матчында Мексика құрамасы Оңтүстік Африка Республикасын 2:0 есебімен жеңді.
Турнирдің ресми әнұраны – «Dai Dai» композициясын Шакира мен Burna Boy орындады. Концерттік бағдарламаға Андреа Бочелли, David Guetta, EJAE, Maná рок-тобы және басқа да әлемдік жұлдыздар қатысты. Ашылу рәсімінде мексикалық-америкалық актриса Сальма Хайек құттықтау сөз сөйледі.
Салтанатты шарадан кейін аты аңызға айналған «Ацтека» стадионында А тобының алғашқы матчы өтті. Онда Мексика құрамасы ОАР командасын 2:0 есебімен ұтты.
Кездесу Латын Америкасындағы ең үлкен футбол аренасы саналатын, 87,5 мың көрерменге арналған стадионда өтті.
Турнирдің тағы екі ресми ашылу рәсімі жұма және сенбі күндері Торонто мен Лос-Анджелесте өтеді. Сол күндері чемпионат қожайындары да алғашқы ойындарын өткізеді: Канада құрамасы Босния және Герцеговинамен, ал АҚШ Парагваймен кездеседі.
2026 жылғы әлем чемпионаты футбол тарихындағы ең қымбат чемпионат атанды. Турнирге рекордтық 48 құрама қатысуда. Жалпы саны 104 матч Солтүстік Американың 16 қаласында өтеді. Финалдық кездесу 19 шілдеде Нью-Джерси штатындағы MetLife стадионында ұйымдастырылады.
Қатысушылар санының 32-ден 48 командаға дейін ұлғаюының арқасында әлем чемпионатына алғаш рет Өзбекстан, Иордания, Кабо-Верде және Кюрасао құрамалары жолдама алды. Ал төрт дүркін әлем чемпионы Италия құрамасы қатарынан үшінші рет іріктеу кезеңінен өте алмады.
Турнир басталар алдында ұйымдастырушылар билет бағасының қымбаттығы, жанкүйерлерге арналған қонақүй мен көлік шығындарының жоғары болуы, сондай-ақ Мехикодағы наразылық акцияларына байланысты сынға ұшырады. Бұл жағдайлар ашылу рәсімі мен алғашқы матчтың өтуіне кедергі келтірген жоқ.
Қазақстан құрамасы Солтүстік Америкада өтетін 2026 жылғы әлем чемпионатына қатыспайды. Ұлттық құрама өткен жылдың қазан айында іріктеу кезеңіндегі жарысты аяқтап, өз тобында төртінші орын алған болатын.
Қазақстан аумағында әлем чемпионатының матчтары Qazsport және Qazaqstan телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі. Уақыт айырмашылығына байланысты ойындардың басым бөлігі елімізде түнгі немесе таңғы уақытта өтеді.
Топтық кезең
12 маусым
- 00:00 — Мексика – ОАР
- 07:00 — Оңтүстік Корея – Чехия
13 маусым
- 00:00 — Канада – Босния және Герцеговина
- 06:00 — АҚШ – Парагвай
- 09:00 — Австралия – Түркия