
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева спорттық азаматтығын ауыстыруының себебін түсіндіріп, қазақ тілін үйрену туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Білесіздер ме, мұны мойындағым келмесе де, өкінішке қарай, бұл шындық… Бүкіл мансабым барысында қазақтарға ең қиыны — өз азаматтарының жетістігіне қуанып, қолдау көрсету болды.
Маған «сен Ресей үшін өнер көрсеттің» деп жазады. Иә, бала кезімде, 12 мен 15 жас аралығында Ресей намысын қорғадым. Ал Қазақстанға бәрі басталмай тұрып-ақ, 2019 жылы оралдым.
Ал СПОРТТЫҚ азаматтықты ауыстыруымның себебі (мен әрдайым Қазақстан азаматы болдым) қаржыландыруға байланысты емес еді. Бұған менің туған нағашы ағам себеп болды. Ол түрлі кедергілер жасап, менің дамуыма тосқауыл қойды (ол Президент әкімшілігінде жұмыс істеген). Ол қызметінен кеткеннен кейін ғана біз елге оралып, бұл туралы ашық айттық. Ал мәселені сәл болса да мұқият зерттеген адамдар өздерін қатыгез ақымақтар сияқты ұстамас еді”, – дейді шахматшы.
Қазақ тілі жөнінде Бибісара Асаубаева арнаға жазылғандардың бәрі өһінің жұмыс кестесін көретінін, 1 желтоқсаннан бері үйде бар-жоғы 12–15 күндей ғана болғанын айтады.
”Соған қарамастан, оқу-жаттығу жиындары кезінде тілді үйренумен айналыстым. Бірақ мұндай жеккөрушілік пен хейттің кесірінен оған деген ынта әр жолы азая түседі. Ал егер біздің министрлік шахматтың маңызды емес екенін айтудан және менің парақшама боттарды айдап салудан басқа ештеңеге қауқарсыз болса, онда олардың құны көк тиын», — деп жазды спортшы өзінің Telegram арнасында.
Бибісара Асаубаева мен Туризм және спорт министрлігі арасындағы жанжал спортшының өзіне бөлінетін қаржының қысқарғаны және мемлекет тарапынан қолдау жоқ екені туралы жария мәлімдемелерінен кейін туындады. Бұған дейін шахматшы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеоүндеу жолдаған болатын. Осыдан кейін министрлік пен Қазақстан шахмат федерациясы (ҚШФ) шұғыл брифинг өткізді.
Спорт министрлігі қаржы тапшылығы туралы мәлімдемелерді жоққа шығарып, спортшыға бөлінетін бюджет көлемін жария етті. Вице-министр Серік Жарасбаевтың айтуынша, Асаубаеваның дайындық жұмыстарына арналған қаржы көлемі жыл сайын артып келеді.
Бұл дау Қазақстанның әлеуметтік желілер кеңістігінде қызу талқылауға себеп болды. Қолданушылардың бір бөлігі мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровтың жағдайымен салыстырып, шахматшыны қолдаса, енді бір бөлігі оны ашкөздікке айыптап, Ресей туы астында өнер көрсеткенін және қазақ тілінде сұхбат беруден бас тартқанын еске салды.