Қазақстан спорт журналистикасы тағы бір порталмен толықты
Жаңа Informsport.kz порталы елдегі, өңірлердегі және әлемдегі спорт жаңалықтарын жедел жариялайтын ақпараттық ресурс болмақ, деп хабарлайды Tizgin.kz.
БАҒЫТЫ ҚАНДАЙ
Kazinform мәліметінше, жаңа портал спорт саласындағы мемлекеттік саясатты ақпараттық тұрғыдан қолдап, спорт саласындағы өзекті мәселелер бойынша қоғамдық пікір алмасуды дамытуға бағытталған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген тақырыптарға ерекше назар аударылады: спорт федерацияларының тиімділігін арттырып, Олимпиадалық резерв мектептері мен колледждерін қолдауға басымдық беріледі.
Порталдың негізгі ұстанымы – балалар-жасөспірімдер спортынан бастап жоғары жетістіктер спортына дейінгі спорт саласының барлық сегментін кәсіби және объективті түрде ақпараттандыру.
ЖАРИЯЛАНАТЫН АҚПАРАТТАР
Жаңа портал жаңалықтар мен талдамалық материалдарды, сондай-ақ сарапшылар пікірін бір алаңға тоғыстыруды көздейді. Сайтта жаңалықтар, сұхбаттар, шолулар, мамандардың пікірлері, өңірлердегі спорттық бастамалар, үздік жобалар және жас спортшыларды даярлау туралы материалдар жарияланып тұрады.
Informsport-ты құру Kazinform-ның заманауи цифрлық медианы дамыту және оның тақырыптық бағыттарын кеңейту стратегиясының бөлігі. Жаңа портал спорт қауымдастығы, кәсіби спортшылар, жаттықтырушылар, сарапшылар және барлық спорт әуесқойлары үшін сенімді ақпарат көзіне айналуды мақсат етеді.