«Болашақ» бағдарламасы бойынша 151 стипендия лимиттен тыс тағайындалған
Жоғары аудиторлық палата елдегі ең танымал білім бағдарламаларының бірінде заңбұзушылықтар бар екенін анықтады, деп хабарлайды Tizgin.kz BES.media-ға сілтеме жасап.
ҮКІМЕТТЕ ЖАРИЯЛАНҒАН ҚОРЫТЫНДЫ
Жоғары аудиторлық палатаның өткен жылға арналған республикалық бюджетті орындау туралы үкімет есебіне енгізілген қорытындысына сәйкес«Болашақ» бағдарламасының жеке қарау механизмі арқылы конкурсқа 801 үміткер жіберілген. Бірақ олардың талаптарға сай келмейтіні анықталды. Солардың 340-ы 7,7 млрд теңге стипендия алғанымен, ол мамандықтар бағдарламадағы басым бағыттарға кірмеген.
АУДИТОРЛАР ЕСЕПТЕП БЕРГЕН ШЫҒЫН
Мәлім болғандай, 151 стипендия бекітілген лимиттен тыс тағайындалған. Аудиторлар бұл тиімсіз шығындарды 2,5 млрд теңге деп бағалады.
Жоғары аудиторлық палата «Жасанды интеллект» бағытында да мәселе барын көрсетті. Президент тапсырмасына сәйкес жоспарланған 54 стипендияның 49-ы басқа мамандықтарға қайта бөлінген. Сондай-ақ аудиторлар 71 рет стипендиялық міндеттемелерде бір-бірінің кепілі болу жағдайларын анықтады. Мұндай міндеттемелердің жалпы сомасы 876,9 млн теңгеге жетті.
БАҒДАРЛАМА БҮККЕН МӘСЕЛЕЛЕР
Бағдарламаға қатысушылардың 185-і стипендиядан айырылды немесе өз еркімен бас тартқан. Оларды оқытуға 4,9 млрд теңге жұмсалды. Сол уақытта олардың 70%-ы ұзақ уақыт бойы міндеттемелерін орындамай, кей жағдайларда бұзушылықтар 18 жылға созылған.
Академиялық көрсеткіштерді бақылау да формалды болды. 14 адам төмен бағамен стипендиялық мәртебесін сақтап қалған.
Сондай-ақ бірқатар қызық жағдай да кездескен. Бір стипендия алушы маркетингке оқуға түсіп, бірақ дипломын қонақүй басқару мамандығы бойынша алған. Тағы бірі Швейцарияда оқуын бастап, Шотландиядағы университетті аяқтады. Кейін екі жағдай да заңды деп танылған.