Билл Гейтс АҚШ Конгресінде Эпштейнмен байланыстары туралы куәлік берді
Эпштейн Гейтс қорына денсаулық сақтау саласына арналған жобалар үшін миллиардтаған доллар тартуға уәде берген.
Microsoft компаниясының негізін қалаушы, америкалық филантроп әрі миллиардер Билл Шейтс Джеффри Эпштейн ісі бойынша АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының қадағалау комитетінде куәлік берді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
CNN басылымының мәліметінше, Билл Гейтс Эпштейннің қылмыстық әрекеттері туралы ештеңе білмегенін мәлімдеді.
«Мен Эпштейннің қылмыстық әрекеттермен айналысқанына куә болған емеспін және оған қатысты ешқандай белгі байқамадым. Мен оның аралында, ранчосында немесе Флоридадағы үйінде ешқашан болған жоқпын. Менің әрекеттерімнен ешкім зардап шеккен жоқ. Ол менімен жеке қарым-қатынас орнатуға тырысқан болуы мүмкін, бірақ бұл мені ешқашан қызықтырған емес және мен оған жауап берген жоқпын. Кейін Эпштейннің менің жеке өміріме қатысты құпия ақпаратқа, соның ішінде некеде опасыздық жасағаным туралы мәліметтерге қол жеткізгенін білдім. Бұл жағдайлардың Эпштейнмен қарым-қатынасыма қатысы болмағанымен, отбасыма ауыр тиді», – деді Гейтс.
Оның айтуынша, ол Эпштейнмен 2011 жылы танысқан. Сол кезде Эпштейн Гейтс қорының денсаулық сақтау жобаларына миллиардтаған доллар қаржы тартуға уәде берген.
«Мен Эпштейннің бұған дейін заңмен мәселелері болғанын білетінмін, бірақ оның жасаған қылмыстарының ауқымын толық түсінбедім. Тиісті тексеру жүргізбей-ақ оның ұсынысын қабылдадым», – деді Гейтс заң шығарушыларға.
Гейтс Эпштейнмен байланыстарын «шектеулі» деп сипаттап, олардың барлық қарым-қатынасы 2014 жылдың желтоқсанында толық тоқтағанын айтты.
Билл Гейтс Эпштейннің айналасында болған ықпалды тұлғалардың бірі саналады. АҚШ Әділет министрлігі жариялаған іс материалдарындағы бейнежазбалар мен фотосуреттерде оның аты аталады. Құжатталған барлық байланыстар Эпштейннің 2008 жылы жезөкшелікке байланысты айыптар бойынша сотталғанынан кейін болған.
2014 жылғы хат алмасулардың бірінде Гейтс Эпштейнге бірге ішкен таңғы асы үшін алғыс айтқан, ал Эпштейн оны өзінің жеке аралына шақырған. Алайда Гейтстің ол аралға барғанын растайтын ешқандай дәлел жоқ.
Еске сала кетсек, биыл ақпан айында Бас прокурор Берік Асылов Қазақстан шенеуніктерінің Джеффри Эпштейнмен байланысы бар-жоғы тексеріліп жатқанын растаған болатын.
Журналистер Эпштейн ісі бойынша, оның ішінде Қазақстан шенеуніктерінің қатысы бар-жоғын тексеру қазір қалай жалғасып жатқанын сұрады.
«Бізге депутаттық сұрау келіп түсті. Тексеру жүргізіліп жатыр. Ақпарат көлемі өте үлкен – шамамен үш миллион хабарлама бар. Олар фрагменттерден құралған, толықтай зерттеледі. Нақтылап айтсақ, Қазақстан азаматтары аталатын және Қазақстан жайлы әңгімелер бар жерлер қаралады», – деді Ерлан Өтегенов.