
АҚШ Қарулы күштері Ирандағы нысандарға қайтадан соққы жасады. БАҚ мәліметінше, бұған жауап ретінде Тегеран Парсы шығанағы елдеріндегі және Иорданиядағы америкалық әскери базаларға шабуыл жасаған. Иран әскері Ормуз бұғазының толық жабылғанын жариялады, деп жазады DW.
АҚШ Қарулы күштері 10 маусым, сәрсенбі күні кешке Ирандағы нысандарға соққыларын қайта бастады. АҚШ Қарулы күштерінің орталық қолбасшылығы (CENTCOM) X әлеуметтік желісінде жариялаған хабарламада: «Бұл соққылар Иранның негізсіз әрі жалғасып жатқан агрессиясына жауап ретінде жасалып отыр», – делінген.
Қолбасшылықтың мәліметінше, операция АҚШ-тың шығыс жағалауы уақыты бойынша сағат 17:15-те (Берлин уақытымен 23:15-те) басталған. Бұған дейін Ақ үй басшысы Дональд Трамп Иранға жаңа шабуылдар жасалатынын мәлімдеген болатын. Трамптың мәлімдемесінен кейін АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет те Тегеранға жаңа соққылармен қорқытып, бұл әрекеттердің мақсаты соғысты қайта бастау емес, келісімге қол жеткізуге жағдай жасау екенін айтқан. Бұл туралы dpa агенттігі хабарлады.
АҚШ әскері Иранның оңтүстігін қайта нысанаға алды
Иранның IRNA ақпарат агенттігі Минаб және Сирик қалалары маңында жарылыстар болғанын хабарлады. Reuters агенттігінің мәліметінше, жарылыстар Парсы шығанағы жағалауындағы Бендер-Аббас қаласындағы әуежай мен әскери база маңында, сондай-ақ Горган портты қаласында да естілген.
Иран АҚШ әскери базаларына соққы жасады
Жаңа шабуылдарға жауап ретінде Иран Парсы шығанағы елдері мен Иорданиядағы америкалық әскери базаларға, соның ішінде баллистикалық зымырандарды пайдаланып, соққы жасағаны хабарланды. Кувейт армиясының мәліметінше, елдің әуе қорғанысы күштері толық дайындыққа келтірілген. Ал Бахрейнде әуе дабылының сиреналары қайтадан қосылғанын dpa агенттігі жеткізді.
Тегеран Ормуз бұғазының толық жабылғанын мәлімдеді
Сонымен қатар, Иран әскері Ормуз бұғазының толық жабылғанын жариялады. Иран әскери қолбасшылығының мәлімдеуінше, бұғаз арқылы өтуге әрекет жасаған кез келген кеме шабуыл нысанасына айналады. Ислам Республикасының Бас әскери штабы бұл шешімді АҚШ соққыларынан кейінгі «қауіпсіздік жағдайының өзгеруімен» түсіндірді.
Қолбасшылықтың мәлімдемесінен кейін көп ұзамай Иранның мемлекеттік телеарнасы әскери күштердің екі кемеге оқ атқанын хабарлады.
Өз кезегінде CENTCOM Ормуз бұғазының толық жабылғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды. АҚШ қолбасшылығының X әлеуметтік желісіндегі мәлімдемесінде: «Сауда кемелері Ормуз бұғазына кіріп-шығуын жалғастырып жатыр», – делінген.