Суға шомылу маусымы басталғалы 7 бала суға батып кетті
Қазақстанда шомылу маусымы басталғалы суға кеткендердің жетеуі – бала.
Биылғы шомылу маусымы басталғалы бері еліміздің су айдындарында 10 адам, оның ішінде 7 бала суға батып көз жұмды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде «Шомылу маусымындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету» тақырыбында өткен баспасөз конференциясында ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті төрағасының орынбасары Әсет Жылқайдаров айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Адамдардың қаза болуына негізінен жүзе алмауы, өз мүмкіндігін дұрыс бағаламауы, балаларды ересектердің қарауынсыз қалдыруы және демалыс кезінде алкогольдік ішімдік ішіп, мас күйде суға түсуі себеп болып отыр», – деді Әсет Жылқайдаров.
Анықталғандай, жазатайым оқиғалардың басым бөлігі шомылуға тыйым салынған орындарда тіркелген. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, рұқсат етілген жағажайлар санын арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Қазіргі уақытта су айдындарында қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Жылжымалы бекеттер қойылып, жаппай демалыс орындарында патрульдеу ұйымдастырылды. Ақпараттық стендтер мен ескерту белгілері орнатылып, рейдтік іс-шаралар жүргізіліп жатыр», – деді ол.