«Жалақымды үш есе қысқартты»: шахматшы Асаубаева Президентке жүгінді
Бибісара Асаубаева әлемдік рейтингте бесінші орында тұр.

Әлемдегі ең мықты шахматшылардың бірі, қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Мен – халықаралық гроссмейстер Бибісара Асаубаева. Қазіргі таңда әлемдік рейтингте бесінші орында тұрмын. Менің алдымда тек төрт қытайлық шахматшы бар, ал қалған барлық қарсыластарымды артта қалдырдым. Сізге мемлекет басшысы ретінде көмек сұрап жүгініп отырмын және алдын ала дайындаған мәтінді оқып беремін». – деді Бибісара Асаубаева.
Ол әлемдегі ең беделді турнирлердің бірі – Norway Chess жарысы аяқталғанын айтты.
«Мен жарыс аяқталуына бір тур қалғанда-ақ чемпион атандым. Осы маңызды турнирге дайындық жиындары өзімнің жүлде қорымнан түскен қаражат пен ата-анамның қаржысына ұйымдастырылды, алайда осы жарысқа дайындаған секунданттар мен сарапшылардың еңбекақысы әлі күнге дейін төленген жоқ.
Сіздің сөзіңізге сүйенсек, құрметті Президент мырза, мен еліміздің алтын қорына жатамын. Менің медальдарым орасан зор еңбекпен, денсаулықпен және төзіммен келеді. Барлық қиындықтарға қарамастан, мен спортшымын. Ел намысын қорғап, жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келемін», – деді Асаубаева әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланған үндеуінде.
Ол мұндай қиындықтарды жыл сайын бастан өткеріп жүргенін айтты.
«Жыл өткен сайын спорт министрлігімен жұмыс істеу қиындай түсуде. Шахматтан әлем чемпионатын жеңгені үшін Спорт министрлігі беретін сыйақы – небәрі 2 мың АҚШ доллары. Ал Олимпиада жүлдегерлеріне 250 мың доллар төленеді. Қазақстанда меннен басқа ересектер арасында, ерлер мен әйелдер санатында әлем чемпионы жоқ.
2023 жылы әлем чемпионатындағы екінші алтын медалімнен кейін Спорт министрлігі желісі арқылы ай сайын 1 миллион теңге көлемінде жалақы алып жүрдім. Алайда 2025 жылы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қызметке келгеннен кейін бұл жалақы үш есеге қысқартылды.
Қазақстан шахмат федерациясы тарапынан маған ешқашан жалақы төленген емес. 2026 жылдың қарсаңында мен блиц шахматтан үшінші рет әлем чемпионы атандым. Бұл маған әлемдік шахмат тәжіне үміткерлер турниріне қатысу құқығын берді. Алайда осы жетістігімнен кейін де министрлік тарапынан жалақым көтерілген жоқ», – деді гроссмейстер.
Шахматшы қаңтар айында бапкерімен бірге министр Ербол Мырзабосыновпен кездескенін де айтты.
«Біз федерация бөлген қаражаттың жеткіліксіз екенін айтып, көмек сұрадық. Министр “Спорт Қоры” арқылы жүз пайыз көмектесемін деп уәде берді. Қорға өтінім бердік, бірақ қажетті қаражаттың тек бір бөлігі ғана бөлінді. Соның салдарынан секунданттарым қашықтан жұмыс істеуге мәжбүр болды. Осындай маңызды жарыстарға секунданттарын ертіп бара алмаған жалғыз шахматшы мен болдым. Соған қарамастан турнирде екінші орын алдым.
Министрдің нұсқауымен екінші рет өтінім бердік. Спорт вице-министрі Серік Жарасбаев WhatsApp арқылы қамқоршылық кеңесінің төрағасы ретінде өтінімімнің мақұлданғанын ресми түрде жазды. Алайда біраз уақыттан кейін қор басшысы Ерлан Ауғанбаев ешқандай себеп түсіндірместен өтінімге бас тарту жауабын жолдады», – деді спортшы.
Бибісара Асаубаева Президенттің 2025 жылғы 30 желтоқсандағы Жарлығымен II дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталғанын еске салды.
«Туризм және спорт министрлігінің шақыруымен орденді алу үшін Астанаға үш рет ұшып бардым. Бірақ әр жолы министрліктің бастамасымен сапарым кейінге шегерілді. Өкінішке қарай, осы күнге дейін орденді алған жоқпын.
Биыл сәуір және мамыр айларында eOtinish платформасы арқылы Сіздің атыңызға үш хат жолдадық. Әлі күнге дейін жауап келген жоқ. Сол хаттарды министрге WhatsApp арқылы да жібердік. Бірақ жауап болмады.
Алда ірі жарыстар, оқу-жаттығу жиындары және үлкен жұмыс күтіп тұр. Айтыңызшы, Президент мырза, мен не істеуім керек?» – деп сұрады шахматшы.
Айта кетейік, бұған дейін Бибісара Асаубаеваның анасы Лиана Танжарикова Қазақстан шахмат федерациясының президенті, кәсіпкер Тимур Турловтың бастапқыда қолдау көрсетуге уәде бергенімен, кейін қаржыландырудан бас тартқанын айтқан болатын.
Посмотреть эту публикацию в Instagram