Астанада баланы аулаға сүйреп әкетпек болған ер адам ұсталды
Оқиға 5 маусымда Астана қаласындағы Алматы ауданында, №13 орта мектеп маңында болған, деп хабарлайды Tizgin.kz.
КУӘГЕРЛЕР АРАША ТҮСКЕН
Елордада кәмелетке толмаған балаға қатысты оқиға бойынша 56 жастағы ер адам ұсталды. Куәгерлердің айтуынша, белгісіз біреу баланы ұстап алып, аула жаққа сүйреп әкетпек болған. Дегенмен өтіп бара жатқан тұрғындар араласып, баланы құтқарып қалды.
Аталған оқиға 5 маусымда Астана қаласындағы Алматы ауданында, №13 орта мектеп маңында болған.
ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ
Астана полиция департаменті өкілдері күдіктінің ұсталғанын растады.
“Аталған факті бойынша 56 жастағы ер адам ұсталды. Қазір қолданыстағы заңнамаға сәйкес барлық қажетті процессуалдық іс-шара жүргізіліп жатыр”, – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Полиция мәліметінше, баланың заңды өкілі арыз жазудан бас тартты. Соған қарамастан құқық қорғау органдары тексеру жұмыстарын жалғастырып жатыр.
“Тексеру нәтижесінде ер адамның әрекетіне заң аясында құқықтық баға беріледі”, – деп мәлімдеді полиция департаменті.