Астанада қаралым жинау үшін ереже бұзған жүргізуші қамауға алынды
Елордада жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу дерегі анықталды.
20 жастағы «Toyota» маркалы автокөлігінің жүргізушісі Қошқарбаев көшесіндегі көпірде қауіпті маневр жасап, жол қозғалысы ережелерінің талаптарын әдейі елемеген, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Астана қаласының полиция департаментінің мәліметінше, жүргізуші қауіпсіздік аралшығы арқылы өтіп, жол ережесін бұзған. Өз әрекетін телефонға түсіріп алған ол бейнежазбаны кейін әлеуметтік желілерге жүктеген.
Полиция қызметкерлері құқық бұзушыны көлік құралын жолдың жүру бөлігінде орналастыру қағидаларын бұзғаны және көлік жүргізу кезінде ұялы телефон пайдаланғаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартты.
Бұдан бөлек, ол ұсақ бұзақылық жасағаны үшін де жауапқа тартылды. Сот шешімімен жүргізуші 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Автокөлік коммуналдық тұраққа қойылды.
«Әлеуметтік желілерде қаралым мен танымалдыққа ұмтылған жол қозғалысына қатысушылар соңғы кезде жолда қауіпті әрі арандатушылық әрекеттерге жиі барып жүр. Мұндай әрекеттердің «кереметтікпен» еш байланысы жоқ — бұл барлық жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жауапсыздық. Полиция жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтаудың маңыздылығын еске салады. Заңды әдейі және өрескел бұзудың әрбір дерегіне принципті құқықтық баға берілетін болады», – деп жазылған хабарламада.