Еуроодақ Қазақстандағы компанияларға қарсы санкция енгізетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Кірпіштеп кірпіштеп, біз Ресейдің әскери экономикасының негізін күйретіп жатырмыз. Бүгін Ресейге қарсы 21-санкциялар пакеті бойынша ұсыныстарымызды ұсынамыз. Оның аясында ресейлік мұнай бағасына қойылған шекті уақытша тоқтату және Мәскеу табыс табу әрі ЕО санкцияларын айналып өту үшін пайдаланатын құрылымдарды анықтау қарастырылған. Бұл шаралар банктерге, қару өндірушілерге, мұнай трейдерлеріне, мұнай өңдеу зауыттарына және үшінші елдердегі криптооператорларға бағытталады. Сонымен қатар Ресейдің әскери-өнеркәсіптік кешеніне қолдау көрсететін компанияларды да нысанаға алып отырмыз. Жаңа тізімдер дрон өндірісіне қатысы бар 30-дан астам атауды қамтиды. Сондай-ақ Қытай, Түркия, Қырғызстан, Қазақстан, БАӘ және Үндістанда орналасқан ұйымдарды қоса алғанда, 50 компанияға қатысты экспорттық бақылаудың жаңа шаралары енгізіледі», – деді сейсенбі күні Еуропа дипломатиясының басшысы Кая Каллас.
Оның айтуынша, Еуроодақ Ресейдің өндірістік әлеуетіне қосымша соққы беру үшін никель ұнтақтары, металдар және жоғары өнімді қорытпалар секілді материалдар мен технологиялардың экспортына да шектеу қояды.
«Автокөлік бөлшектері, бағалы металдардың кейбір кендері мен химиялық заттарды қоса алғанда, жаңа тауарлардың импортына да шектеу енгізіледі. Еуропаның есігі Ресейдің қазіргі және бұрынғы жауынгерлері үшін ашық болмауы тиіс. Біз Ресей қарулы күштерінің және оған тәуелді топтардың қазіргі әрі бұрынғы жауынгерлеріне жан-жақты виза тыйымын енгіземіз», – деп қосты Каллас.