Жаңалықтар

Желіде сәбиін көтерген курьер әйелдің фотосы қызу талқыға түсті

Threads әлеуметтік желісіне Алматы қаласының тұрғыны қолында сәбиі бар курьер әйелдің суретін салды.

Threads әлеуметтік желісіне papawayupa атымен тіркелген Алматы қаласының тұрғыны қолында сәбиі бар әйелдің суретін салды. Бір қолына сәбиін көтеріп, иығына жеткізу қызметінің сөмкесін іліп алған әйелдің курьер болып жұмыс істейтінін байқауға болады. Әлеуметтік желі қолданушысы суреттегі әйелге іздеу жариялап, қол ұшын созуға дайын екендерін жазды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Threads әлеуметтік желісіне papawayupa атымен тіркелген Алматы қаласының тұрғыны әлеуемттік желі қолданушыларының жанашырлығын, әрі ашуын тудырған көріністі салып, «Енді өзінің тығырыққа тірелген жағдайын айтып, шағымданғысы келетін кім бар екен? Бұл қызға құрмет! Оның өмірінде бәрі жақсы болсын!» деп жазды.

Әлеуметтік желі қолданушылары осы көрініске қатысты түрлі пікір білдірді.

«Бұл уақытша жағдай. Мен де дәл осындай күйді бастан өткердім. Ұлым 40 күнге де толмаған кезде жұмыс істеуге мәжбүр болдым, өйткені баспана жалдау ақысы – 60 мың теңгені төлей алмадым. Қазір ұлым 5 жаста, өз күшіммен пәтер сатып алдым, балама барынша жақсы жағдай жасауға тырысып жүрмін. Сондықтан біреуді айыптауға асықпаңыздар, оның қандай жағдайда жүргенін білмейсіздер. Өмірде неше түрлі жағдай болады», – деп жазды оқырман Мөлдір Айдар.

Тағы бір әлеуметтік желі қолданушысы мұндай жағдайды романтикаландырудың қажеті жоқ екендігін айтты.

«Қолында сәбиі бар жас ананың жұмысқа шығуға мәжбүр болған жағдайын романтикаландырудың қажеті жоқ. Осындай осал жағдайда жүрген адамдарға қамқорлық көрсете алмайтын мемлекет үшін бұл – ұят. Оның отбасының ер азаматтары қайда, қолдау көрсететін жандары қайда? Олар біреудің жеке өмірін аңдып, қыздардың неге шетелдіктерге тұрмысқа шығатынын талқылап жүрген шығар. Ал «генофонд» туралы айтатындары тіпті орынсыз», – деп жазды ол.

Дариға есімді әлеуметтік желі қолданушысы бұл көрініс оның жүрегін шымырлатқанын жазды.

«Бұл сурет жүректі шымырлатады. Оның барлық жерде жарияланғанын қалаймын. Оны суретке салып, бейнелеп, көпшілікке көрсетсе екен деймін және бәрі осы әлеуметтік мәселелер туралы айтса екен. Жалғызбасты аналар туралы, елдегі экономикалық жағдай туралы, отбасы институтының қалай әлсіреп бара жатқаны туралы, ер азаматтардың отбасы алдындағы жауапкершілікті мойнына алудан қалып бара жатқаны туралы барлық жерде айтылуы керек. Өз отбасымен айналысудың орнына, өзге әйелдерді және олардың күйеулерінің терісінің түсін талқылауға әуес болып кеткені туралы да айту керек. Бұл мәселелерді қаттырақ айту керек. Өтінемін», – деп жазды ол.

Тағы бір әлеуметтік желі қолданушысы жаңа туған сәбиімен бірге такси жүргізушісі болғанын жазды.

«Жаңа туған сәбиіммен такси жүргізгенім есімде. Күйеуім тастап кеткенде аяғым ауыр болса да, ішім кебежедей болып жеткізу қызметінде жұмыс істедім. Бәрі өтеді, ештеңе мәңгі емес. Қазір ойлап қарасам қандай шарасыз әрі қайсар болғанымды түсінемін. Үш баламен үлкен өмірде жалғыз қалдым», – деп жазды ол.

Аталған жазбаға 2000-ға жуық пікір жазылып, 2500-ге жуық адам өзгелермен бөліскен. Суреттегі келіншекті іздеп, тіпті көршілес мемлекеттегі әлеуметтік желі қолданушылары көмектескісі келетінін жазған. Сондай-ақ, дәл осындай жағдайда жүрген аналар шарасыз күйде екендері, ажырасқан күйеулері алимент төлемейтіні туралы, соған қарамастан бірнеше жұмыс істеп, күнелтіп жүргендері туралы пікір қалдырды.

Back to top button