“Маған тұрмысқа шық”: Жетісуда сталкер қамауға алынды
Ер адам Жетісу облысында бірнеше ай бойы қыздың соңына түсіп, әлеуметтік желі арқылы мазалап, кейінірек дүкенде пышақпен де қорқытқан, деп хабарлайды Tizgin.kz.
СОТ ДЕРЕГІ
Жетісу облысының Алакөл аудандық сотында азамат К.-ға қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы қылмыстық іс қаралды.
Сот дерегінше, Алакөл ауданының тұрғыны бірнеше ай бойы жәбірленушінің еркіне қарамастан онымен байланыс орнатуға тырысқан. Іс материалдарына сәйкес, оның әрекеттері психологиялық қысыммен қатар жүріп, қыздың бойында қорқыныш пен үрей туғызған.
“Сондай-ақ ол жәбірленушінің әлеуметтік желідегі парақшаларын тауып, оған тұрақты түрде хабарламалар жіберіп отырған. Одан өзге, ер адам жергілікті дүкендердің бірінде жәбірленушіні қорлап, ар-намысына нұқсан келтірген. Сонда болған куәгер оған ескерту жасап, қызбен дөрекі сөйлеспеуді өтінген. Кейін сот анықтағандай, ер адам үйіне барып, пышақ алып қайтадан дүкенге оралды. Онда ол куәгерге пышақ сілтеп, күш қолданбақ болып, қоғамдық тәртіп бұзған”, – делінген хабарламада.
АЙЫБЫ НЕ
Ер адамға қылмыстық кодекстің 115-1-бабы (сталкинг) және 293-бабының 3-бөлігіне (қару қолдану арқылы жасалған бұзақылық) сәйкес қоғамға қауіпті әрекеттер жасады деген айып тағылған.
“Сот отырысында жәбірленушілердің, куәгерлердің жауаптары, сараптама қорытындылары мен өзге де іс материалдары зерттелді. Кешенді сот-психиатриялық сараптама қорытындысына сәйкес, азамат К. психикалық аурумен ауыратыны белгілі болды. Мамандар оның қоғамға қауіпті әрекеттер жасаған сәтте өз іс-әрекетінің мәнін түсініп, оны басқара алмағанын анықтаған. Осыған байланысты сот оны қылмыстық жауапкершіліктен босатты. Оған жалпы типтегі психиатриялық стационарда мәжбүрлі емдеу түріндегі медициналық сипаттағы шара тағайындалды”, – делінген мәліметте.