TOP-1Білім

Сауалнама: білім саласын дамытуда басты кедергі – жемқорлық

DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониториң жүргізу бюросы 2026 жылғы 10 мамырдан 23 мамырға дейін «Қазақстандағы білім беру сапасына қоғамның көзқарасы» тақырыбында азаматтар арасында сауалнама жүргізді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

МҰҒАЛІМДЕР БІЛІКТІЛІГІНЕ КҮМӘН БАР МА

Елдегі білім беру саласының негізі болып саналатын орта білім саласына ұдайы реформа жасалып тұрады. Соған қарамастан, халықаралық PISA-2022 бағдарламасының нәтижесі бойынша, 81 елдің ішінде Қазақстан математикадан – 46, оқу сауаттылығынан – 61, жаратылыстанудан 49-орында тұр.

DEMOSCOPE зерттеуі Қазақстанда орта білім саласының дамуына кедергі болып отырған негізгі себептерді көрсетті. Респонденттердің үштен біріне жуығы орта білімді дамытуға кедергі болып отырған негізгі фактор мұғалімдердің жеткілікті деңгейде білікті болмауы (30,8%) және жемқорлық (31,5%) деп есептейді.

НЕГІЗГІ МӘСЕЛЕЛЕР

Негізгі мәселелер қатарында мектептердегі материалдық-техникалық базаның жеткілікті болмауы – 25%, оқушылардың ынтасының төмендігі – 22,3% және сыныпта бала санының көптігі (20%) айтылды. Сонымен қатар: білім беру саласын дамыту бағытындағы мемлекеттік іс-шаралардың тиімсіздігі (12,6%), мұғалімдердің жалақысының аздығы (18,6%) және сапалы білімге балалардың бәрінің бірдей мүмкіндігінің болмауы (10,1%) жүйелі кемшіліктер қатарында аталды. Бұл сұрақта үш нұсқаға дейін таңдау мүмкіндігі болды.

Фото: DEMOSCOPE

DEMOSCOPE зерттеуіне сәйкес, сауалнамаға қатысушылардың жалпы 37,3%-і білім беру сапасын жоғары немесе жоғары сияқты деп бағалайды. Ал респонденттердің 20,6%-і білім сапасын төмен немесе төмен сияқты деп есептейді. Тағы 37,4%-інің ойынша, білім беру сапасы орташа.

Білім беру жүйесінің тиімділігін көрсететін басты көрсеткіштің бірі тұрып жатқан өңіріне, тіліне және отбасының әл-ауқатына қарамастан, әр баланың сапалы білім алуға теңдей қол жеткізу мүмкіндігі. DEMOSCOPE сауалнамасының нәтижесіне сүйенсек, жалпы респонденттердің жартысынан астамы (52,1%) Қазақстанда тең мүмкіндік жасалған деп санайды. Оның ішінде 19,2%-і балалардың барлығына жақсы білім алуға теңдей жағдай жасалған десе, 32,9%-і сондай жағдай жасалған шығар деп санайд, – дейді сауалнама жүргізгендер.

Қазақстандықтардың 41,2%-і елімізде сапалы білім алуға теңдей мүмкіндік жасалмаған дейді. Оның ішінде 17,5%-і мүлдем қамтамасыз етілмеген десе, 23,7%-і қамтамасыз етілмеген шығар деп жауап берген.

Бір қызығы, 18-29 жас аралығындағы респонденттердің жалпы 68,3%-і елімізде білім алуға теңдей мүмкіндік жасалған деп санайды.

DEMOSCOPE сауалнамасының нәтижесі білім сапасына тұрғылықты өңірдің де қатысы бар екенін көрсетіп отыр – респонденттердің көпшілігі (57,4%) Астана, Алматы, Шымкент қалаларында білім сапасы басқа өңірлерден гөрі жоғары екеніне сенімді. Соның ішінде үштен біріне жуығы (31,8%) ірі қалаларда оқыту сапасы айтарлықтай жоғары десе, 25,6%-і аздаған айырмашылық бар деп санайды. Жауап бергендердің 27,1%-і білім сапасына қатысты өңірлік айырмашылық жоқ дейді.

ҚАЛА МЕН АУЫЛ МЕКТЕПТЕРІНДЕГІ АЙЫРМАШЫЛЫҚ

Назар аударатын жайт, DEMOSCOPE нәтижесі көптеген көрсеткіш бойынша PISA зерттеуіне сәйкес келеді, халықаралық зерттеу қала мен ауыл мектебі арасында айырмашылық бар екенін, орта білім рейтингі бойынша ел көлемінде Астана мен Алматының алда екенін көрсетеді.

Зерттеу Қазақстанда тең және сапалы білім алуға айрықша ықпал ететін факторларды да көрсетті. Сауалнамаға қатысушылардың көпшілігі (38,8%) негізгі фактор отбасының табыс деңгейі деп санайды. PISA есебі де отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайына байланысты оқушылардың сауат деңгейінде айтарлықтай айырма бар екенін көрсеткен болатын.

Респонденттердің ойынша, тең мүмкіндікке ықпал ететін келесі фактор оқушылардың тұрғылықты жері, яғни қала немесе ауыл (23,8%) және қаржыландырудың жеткілікті болмауы (23,1%).

Дарынды балаларды қолдауға және дамытуға арналған іріктеулі республикалық мектептерге (НЗМ, РФММ, БИЛ және басқа) көбірек қаржы бөлінуі де қоғамда бірқатар талас-тартыс тудырады. DEMOSCOPE сауалнамасына сүйенсек, қазақстандықтардың 20,9%-і жалпы білім беру мекемелері, жекеменшік және арнаулы мектептердегі оқыту сапасының айырмашылығы білім беру саласындағы теңсіздікті шиеленістіре түседі деп санайды, – делінген ақпаратта.

Респонденттердің 18,4%-і қосымша ақылы білім алуды да теңсіздікті арттыратын фактор ретінде атады. Бұл сұрақта үш нұсқада дейін таңдау мүмкіндігі болды.

НӘТИЖЕ ҚАНДАЙ

Респонденттер оқу тілінің білім сапасына ықпалы туралы сұраққа да жауап берді. Қазақстандықтардың 22,7%-і қазақ тілінде білім сапасы жоғары деп санайды. Орыс тілінде білім сапасы жоғары деп санайтындардың үлесі бұдан екі еседей аз – 13,4%. Қазақстандықтардың жартысынан астамы (58%) оқу тілінің білім сапасына ешқандай ықпалы жоқ деп есептейді.

Қазақстанда білім беру сапасын арттыру үшін қандай шаралар қолға алынуы керек?

DEMOSCOPE азаматтардың пікіріне сүйене отырып, мейлінше тиімді шаралардың тізімін жасады:
• Білім беру жүйесіндегі жемқорлықты азайту – 38,3%
• Мұғалімдер мен оқытушылардың біліктігінін арттыру – 29%
• Материалдық-техникалық базаны жақсарту – 26%
• Мұғалімдер мен оқытушылардың жалақысын көтеру – 24,6%
• Оқу бағдарламасы мен оқулықтарды жетілдіру – 23,8%
• Мұғалімдер мен оқытушыларға бюрократиялық жүктемені азайту – 18,4%
• Мемлекеттік білім гранттарының санын арттыру – 16,3%
• Жаңа оқу орындарын салу – 11%
• Басқа 7,9%.

Сауалнама нәтижесі Қазақстан қоғамында жемқорлықпен және әлеуметтік теңсіздікпен күреске сұраныс жоғары екенін бұл жолы білім беру саласы бойынша көрсетіп отыр. Сонымен бірге сауалнама жүйелі іс-шараларды қолға алу қажеттігін де көрсетті.

Back to top button