Қазақстандықтар тұрғын үй мен емделуге қанша қаражат жұмсаған – БЖЗҚ есептеп берді
Соңғы бес жарым жылда қазақстандықтар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан тұрғын үй жағдайын жақсартып, медициналық қызмет үшін 5,8 трлн теңгеден астам қаражат жұмсаған, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Шығыстың ең жоғары шегі 2021 жылмен сәйкеседі: сол жылы қаражат көлемі 2,5 трлн теңгеден асты. Келесі екі жылы бұл көрсеткіш төмендесе де, былтыр шығарылған қаражат қайтадан бір трлн теңгеден асты.

Қор мәліметтеріне сәйкес, осы жылдары тұрғын үй мен емдеуге жұмсалған қаражат алдағы зейнетақы төлемдерінен асып түскен. Кей жылдары шығарылған қаражат салынған жарналардан көп болған.
БЖЗҚ баспасөз қызметі мәліметінше, жинақтарды мерзімінен бұрын шығару кезінде олар инвестициялық табыс әкелуді тоқтатады. Сондықтан зейнетақы жасына жеткенде жинақтар азаюы мүмкін.
Қазір инвестициялық табыс зейнетақы жинақтарындағы жалпы көлемнің шамамен 40%-ын құрайды. Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 80%-дан асады.