“Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы өз-өзіне қол салуға дейін барған” деп ақпарат тараған соң НЗМ Tizgin.kz порталына осы оқиға бойынша түсініктеме берді.
ОҚИҒА ЖАЙЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ
Оқушының басынан өткен жайтты әуелі Халықстан телеграм-арнасы жазды. Арна таратқан мәліметте, Астанадағы НЗМ-де озат оқушы суицид жасауға әрекеттенгені айтылады. Оның ата-анасы мектеп әкімшілігінің әрекетсіздігіне байланысты полицияға шағым түсірген. Олардың айтуынша, грантпен оқуға түскен бала сынып старостасы болған, мектеп ісіне белсенді қатысқан, бірақ сегізінші сыныпта сынып өмірінен шеттетілген. Белгісіз себептермен қатарластары оған жаппай бойкот жариялаған
«Ол балалармен араласқысы келді, неге ешкім сөйлеспейтінін сұрайтын, бірақ бәрі үндемейтін», – деді баланың анасы Halyqstan порталына.
Ол буллингтің жалғасуынан қауіптеніп, есімдерін атамауды сұраған. Анасының айтуынша, сыныптастары асханада одан қашқақтап, жанына отырудан бас тартқан. Ал бұрынғы достары «дұрыс» компания пайда болған сәтте бірден алыстап кететін болған. Ата-анасының бірнеше мәрте шағымданғанына қарамастан, сынып кураторы мен мектеп психологы жағдайды елемеген. Салдарынан бала агрессияға, өзіне зиян келтіруге және суицидтік ойларға дейін барған. Мемлекеттік аурухананың дәрігерлері оның жағдайын ауыр деп бағалап, оны шұғыл түрде беделді оқу орнынан алып кетуді талап еткен.
“Элиталық мектептерде нәтиже мен грантқа басымдық берілетіндіктен, көзге байқала бермейтін буллинг, елемеу мен әлеуметтік оқшаулау баланы төбелестен де жылдам күйретуі мүмкін. Қазір ол қарапайым мектепте оқиды, антидепрессанттар қабылдап жүр және психиатр бақылауында. Мәселе НЗМ-нен кеткеннен кейін де оның жағдайы тым ауыр болғанында. Жасөспірім тоғызыншы қабаттан секірмек болған, бірақ ата-анасы оны соңғы сәтте тоқтатып қалған. Осыдан кейін олар полицияға арыз жазған”, – деп жазады портал.
Алайда отбасы әлі күнге дейін әділдікке қол жеткізе алмаған. Іс сәуір айынан бері прокуратурада жатыр.
«Ұлым психологтың көмегіне өте мұқтаж, бірақ өзі қаламайды. Психологиялық қолдау орталығына барғаннан кейін маманмен жұмыс істеуден бас тартты. Себебі әр барған сайын бәрін қайта еске түсіріп, сол күйге қайта түсіп кететін. Кейін ол: “Мама, мен әзірге қаламаймын”, – деді», – дейді анасы.
Оның сөзінше, полицияда істі жылжытуды сұрағанда, оларға Владимир Высоцкийдің сөзін еске салатын: «Тірі қалғанына да шүкір деңдер» деген сарындағы жауап айтылған.
НЗМ НЕ ДЕЙДІ
Tizgin.kz порталына берген жауабында НЗМ басшылығы осы оқиға бойынша өтініш келіп түскен сәттен бастап жағдай мектеп әкімшілігінің ерекше бақылауына алынғанын хабарлайды. Ата-аналармен кездесулер өткізіліп, сыныпта профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылған, сондай-ақ мектеп ортасындағы буллинг жағдайларын анықтау және реттеу мақсатында қолданылатын халықаралық KiVa антибуллинг бағдарламасы аясындағы рәсімдерді өткізу ұсынылған. Алайда заңды өкілдер басқа оқушылардың қатысуымен жүргізілетін KiVa рәсімдерінен бас тартқан дейді мектеп әкімшілігі.
“Осыған байланысты KiVa бағдарламасы шеңберінде жағдайдың мән-жайын нақтылау және оған қатысы болуы мүмкін оқушыларды анықтау мақсатында оқушымен жеке әңгімелесу өткізілген. Әңгімелесу қорытындысы бойынша буллинг белгілерінің бар-жоғын анықтауға арналған скрининг жүргізілген. Скрининг нәтижелері оқушыға қатысты буллинг фактісін растаған жоқ. Тіркелген жекелеген жағдайлар тұлғааралық түсініспеушілік сипатында болып, буллинг белгілеріне сәйкес келмеді.
Осы жағдайдың алдын алу және оны сүйемелдеу мақсатында сыныппен тиісті жұмыстар жүргізілді. Ішкі тәртіп қағидаларын сақтау мәселелеріне арналған «Даму сағаты» ұйымдастырылды. Сонымен қатар «Жасөспірімдік шақтағы достық» тақырыбында сынып сағаты өткізілді және оқушылар арасында сауалнама жүргізілді. Сынып кураторы тарапынан сыныптағы психологиялық ахуал мен оқушылар арасындағы қарым-қатынасқа жүйелі түрде бақылау жасалып отырды”, – делінген жауапта.
Ата-аналар мен сынып кураторының кездесуі қорытындысы бойынша оқушыны сыныптың қоғамдық және сыныптан тыс өміріне белсенді тарту, сондай-ақ сыныптағы жағдайды әрі қарай бақылауда ұстау туралы бірлескен шешім қабылданған. Мектеп тарапынан бейінді мамандардың қатысуымен кейс-менеджмент форматы аясында кешенді психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету ұсынылған. Бұл формат оқушыға жеке қолдау көрсетуді, қажетті сүйемелдеу шараларын үйлестіруді және жағдайға тұрақты мониторинг жүргізуді көздейді. Алайда заңды өкілдер баласының ұсынылған іс-шараларға қатысуынан бас тартқан деп ақпарат таратты мектеп әкімшілігі.
“Айта кету қажет, KiVa бағдарламасының жекелеген рәсімдеріне және кейс-менеджмент аясындағы іс-шараларға қатысудан бас тарту мектептің осындай жағдайларда көзделген толыққанды сүйемелдеу шараларын жүзеге асыру мүмкіндігін едәуір шектеді. Кейіннен заңды өкілдер баланы басқа мектепке ауыстыру туралы шешім қабылдады. Осыған байланысты жағдайды толық көлемде сүйемелдеу жұмыстарын аяқтау мүмкін болмады. Мектеп әкімшілігінің әрекетсіздігі туралы мәлімдемелер нақты жағдайға сәйкес келмейді. Өтініш бойынша жағдайды зерделеу, оқушымен жұмыс жүргізу, ата-аналармен өзара іс-қимыл жасау, сыныптағы профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру, диагностикалық рәсімдерді өткізу және қосымша психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету шаралары уақтылы жүзеге асырылды. Мектептің барлық әрекеттері ішкі регламенттерге, Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына және кәмелетке толмағандардың құқықтары мен құпиялылығын сақтау қағидаттарына сәйкес жүргізілді.
Осы оқушыдан немесе оның заңды өкілдерінен бұған дейін осыған ұқсас фактілер бойынша шағымдар мен өтініштер түскен жоқ. Аталған өтініш бір реттік сипатта болды”, – делінген жауапта.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ білім беру ортасында буллингтің кез келген түріне жол бермеу қағидатын ұстанатынын атап өтеді.