ЖаңалықтарҚоғам

Жауын-шашын, найзағай, бұршақ: алдағы 3 күнге арналған ауа райы болжамы

Қазақстанда алдағы 3 күнде құбылмалы ауа райы болады.

«Қазгидромет» синоптиктерінің болжамынша, елдің басым бөлігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей өңірлерде екпінді жел күшейіп, бұршақ жаууы мүмкін. Бірқатар аймақтарда аптап ыстық сақталады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Батыстан келген баяу қозғалатын циклон Қазақстан аумағының басым бөлігіне әсерін жалғастырады. Соның салдарынан ауа райы тұрақсыз болады.

Синоптиктердің мәліметінше, жаңбыр мен найзағайға қоса, желдің екпіні күшейіп, кей жерлерде дауылды жел мен бұршақ күтіледі. 9–11 маусым аралығында елдің солтүстік-батысы мен солтүстігінде қатты жаңбыр жауады. Ал 11 маусымда оңтүстік-шығыс өңірлерде нөсер жауын болуы мүмкін. Кезеңнің басында шығыста, ал ортасынан бастап оңтүстік-батыста жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.

Күндізгі ауа температурасы батыс өңірлерде 27–35 градусқа дейін көтеріледі. Солтүстікте температура 17–28 градусқа дейін төмендейді. Солтүстік-шығыс пен орталықта аптап ыстық бәсеңдеп, 25–33 градус болады. Оңтүстік пен оңтүстік-шығыста 27–35 градус жылы ауа райы сақталса, шығыста аптап ыстық жалғасып, сынап бағаны 32–39 градусқа дейін жетеді.

Back to top button