Қарағанды облысындағы жол апатынан футболшы Илья Буртовой қаза тапты
Жол апаты 6 маусым күні Абай – Қарағанды тас жолының бойында болған.
Қарағанды облысында болған жол-көлік оқиғасы салдарынан Көкшетаудың «Елімай» клубының 29 жастағы футболшысы әрі «Скаут» балалар командасының жаттықтырушысы Илья Буртовой көз жұмды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты 6 маусым күні Абай – Қарағанды тас жолының бойында, Дубовка кенті маңындағы автожолдың 1 шақырымында болған. Chevrolet Cobalt көлігін басқарған 21 жастағы жүргізуші көлікті тізгіндей алмай, қарсы бағытқа шығып кеткен. Салдарынан ол Opel Vectra автокөлігімен соқтығысқан. Opel көлігін 44 жастағы ер адам басқарған.
Жол апаты нәтижесінде Chevrolet Cobalt жүргізушісі мен оның екі жолаушысы түрлі жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Ал Илья Буртовой ауыр халде профессор Х.Ж. Макажанов атындағы көпсалалы ауруханаға жатқызылған. Дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.
Қарағанды облысының полиция департаменті жылдамдықты шамадан тыс асыру, қарсы жолаққа шығу және рөлдегі салғырттық жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі болып қала беретінін еске салды. Тәртіп сақшылары жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және жолда барынша мұқият болуға шақырды.