Жапонияда цунами қаупіне орай 181 000 адамды эвакуациялау жарияланды
Филиппиндегі жер сілкінісінен кейін Жапонияның оңтүстік-шығыс жағалауында цунами туралы ескерту жарияланды.
Филиппин маңында болған күшті жер сілкінісінен кейін цунами қаупіне байланысты Жапонияның алты префектурасында 181 мың адамды эвакуациялау туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«РИА Новости» мәліметінше, бұл туралы төтенше жағдайлар мен табиғи апаттар кезіндегі құтқару қызметінің міндетін атқаратын Ішкі істер және коммуникациялар министрлігінің Өртке қарсы басқармасы мәлімдеген.
Филиппиндегі жер сілкінісінен кейін Жапонияның оңтүстік-шығыс жағалауында цунами туралы ескерту жарияланды. Мамандардың болжамынша, Жапония жағалауларына жететін толқынның биіктігі 1 метрге дейін болуы мүмкін. Цунами елдің ең оңтүстік аймақтарынан бастап, Токиоға жақын орналасқан Тиба префектурасына дейінгі кең аумақты қамтуы ықтимал.
Мәскеу уақыты бойынша сағат 02:38-де Филиппин маңында ірі жер сілкінісі тіркелді. Еуропалық сейсмологтардың мәліметінше, оның магнитудасы 8,1 болса, Жапонияның метеорологиялық басқармасы оны 8,2 магнитуда деп бағалаған.