Газ бағасы қазақстандықтар үшін сезімтал мәселенің бірі болып есептеледі. Өйткені Қазақстан мұнай мен газға бай мемлекет ретінде жылдар бойы құбыр арқылы келіп жатқан көгілдір отынның бағасын қарапайым халық үшін арзан деңгейде ұстап келеді. Осы нарративті Tizgin.kz бүгінгі материалда газға бай елдердің көрсеткіштерімен салыстыра отырып талдап көрді.
ӘДІСТЕМЕЛІК ЕСКЕРТУ
Халықаралық өлшемдерде табиғи газдың құны килоВатт/сағатпен есептеледі. Өйткені әр елдегі газдың энергия сыйымдылығы әр түрлі. Сондықтан бағаны әділетті салыстыру үшін оны литрмен немесе текше метрмен емес, сағатына неше Ватт қуат беретіне қарап есептейді. Халықаралық көрсеткіштердің көбі 2025 жылғы сенімді деректермен шектелетіндіктен материалда осы жылдың көрсеткіштерін пайдаланамыз. Қазақстан бойынша газдың энергия сыйымдылығы, тарифтер, доллар бағамы орташа мәнмен шамалап алынды.

АЛДЫМЫЗДА – АЛЖИР ҒАНА
Қазақстан өңірлеріндегі табиғи газдың баға айырмашылығы өңірдің газ өндіру көлеміне, тасымалдау қашықтығына, инфрақұрылым мен тұтыну құрылымына байланысты қалыптасады. Энергетика министрлігі ішкі нарыққа деп бекіткен көтерме баға шегі бар.

Республика бойынша орташа шекті баға 2028 жылға дейін біртіндеп өсіп, 1 КилоВатт/сағатқа 0,010 доллар болу керек. Бұл Ресейдегі 2025 жылғы бағамен тең.

2025 жылы Қазақстандағы орташа республикалық баға шамамен 0,007 доллар/Квт сағ болған. Globalpetrolprices сайтындағы мәліметке сүйенсек, 2025 жылы тұрғындарға табиғи газды ең арзан бағамен беріп отырған ел – Алжир (0,003 доллар/кВт сағ). Бұл жерде газға бай Түркіменстан мен Қатардағы, Ирандағы табиғи газдың өз тұтынушыларына ұсынатын бағасы туралы сенімді әрі өзектендірілген ақпарат жоқ екенін де айта кету керек.
Екінші орында Қазақстан мен Беларусь тұр – 0,007 доллар/кВт·сағ. Үшінші орында Ресей – 0,010, одан кейін Мысыр мен Бангладеш – 0,011, Бахрейн – 0,013, Әзербайжан – 0,016, Украина мен Түркия – 0,020, Аргентина – 0,023 доллар/кВт·сағ. Алғашқы ондықты Малайзия түйіндейді – 0,030 доллар/кВт·сағ.
Бұл рейтинг арзан газ міндетті түрде ең ірі экспорттаушыларда ғана болмайтынын көрсетеді. Газ бағасына көбіне ішкі нарықты мемлекеттік реттеу әсер етеді.
ГАЗҒА БАЙ ЕЛДІҢ БӘРІНДЕ БІРДЕЙ БАҒА АРЗАН ЕМЕС
Осы деректерге қарап, халық үшін табиғи газдың арзан болуы елдегі көгілдір отынның қорымен ғана байланысты емес екенін көруге болады. Бұл көрініс халыққа ең арзан бағамен көгілдір отын беріп отырған он елдің өндірістегі орнын салыстырғанда айқындала түседі.
Мысалы, халыққа ең арзан газ беріп отырған Алжир оны өндіру көлемі бойынша 10-орында тұр (99 млрд м³). Баға бойынша екінші орындағы Қазақстан өндіріс көлемінің рейтингінде тек 24-орында (29 млрд м³). Баға көрсеткіші Қазақстанмен деңгейлес Беларусь өндіріс рейтингінде 77-орында тұр. Бұл жерде Беларусьтің баға саясатын өзіндегі өндіріс көлемі емес, Ресей ұсынған жеңілдік айқындайтынын ескер қажет. Баға көрсеткішінде үшінші орындағы Ресей өндіру көлемі бойынша әлемде 2-орында (642 млрд м³). Мысыр баға бойынша 4-орында өндірісте 15-орында (47 млрд м³). Бангладеш де баға бойынша 4-орында, бірақ өндіру көлемі бойынша тек 31-орында (20 млрд м³). Бахрейн баға жөнінен 6-орында, ал өндірісте 33-орында (19 млрд м³). Әзербайжан баға бойынша 7-орында, өндірісте 20-орында (38 млрд м³). Украина баға бойынша 8-орында, өндірісте 34-орында (18 млрд м³). Украинамен қатар тұрған Түркия өндіру көлемі бойынша тек 57-орында (2 млрд м³). Баға рейтингінде 9-орындағы Аргентина өндіріс көлемі бойынша 16-орында. Ондықты түйіндеп тұрған Малайзия өндіріс көрсеткіші бойынша 11 орында. Бұл тұрғыдан алғанда Малайзияның көрсеткішін нағыз теңгерім сай деп айтуға болады.

Енді табиғи газ өндіру көлемі жөніндегі рейтингтің басында тұрған 10 елдің баға көрсеткішін салыстырып көрейік. 1-орындағы АҚШ (1069 млрд м³), баға рейтингінде 18-орында тұр. Екінші орындағы Ресей баға бойынша 3-орын алып тұрғанын айттық. Үшінші орындағы Иранда баға туралы сенімді мәлімет жоқ. Қытай өндіріс көлемі бойынша 4-орында (258 млрд м³), баға бойынша 19-орында– 0,051 доллар/кВт·сағ.

Канада өндірісте 5-орында (199 млрд м³), баға бойынша 12-орында – 0,036 доллар/кВт·сағ. 6-орындағы Қатардың да нақты баға көрсеткіштері жоқ. Аустралия өндірісте 7-орында (152 млрд м³), баға рейтингінде 27-орында – 0,093 доллар/кВт·сағ. Норвегия өндірісте 8-орында (131 млрд м³) болғанмен, баға көрсеткішінде алғашқы ең арзан деген 50 елдің де қатарына кірмейді – 0,037 доллар/кВт·сағ. Сауд Арабиясы өндірісте 9-орында (123 млрд м³) тұр. Ал баға көрсеткіштері туралы тек бейресми сандар ғана белгілі – 0,09 доллар/кВт·сағ. Өндіріс көлемі бойынша 10-орында тұрған Алжир табиғи газ ең арзан ел екенін жоғарыда айттық.