Қытай Тайвань маңында арнайы операция бастады
Қытай билігі Тайвань аралының шығысындағы теңіз аймағында арнайы құқық қорғау операциясын бастағанын мәлімдеді. Бұл туралы қытайлық «Синьхуа» агенттігі хабарлады.
Бейжіңнің мәлімдеуінше, операция Жапония мен Филиппиннің Тайваньның шығысындағы теңіз шекарасын делимитациялау жөнінде келіссөздерді бастау туралы біржақты шешіміне жауап ретінде қолға алынған. Қытай тарапы мұндай қадамдар елдің аумақтық тұтастығы мен теңіздегі құқықтарына нұқсан келтіреді деп есептейді.
Қытай билігі операция аясында кеме қатынасын бақылауды күшейтіп, шалғай теңіз аймақтарында патруль жүргізуді арттыруды, теңіздегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуді және ҚХР-дың теңіз заңнамасының сақталуын қадағалауды жоспарлап отыр.
Өз кезегінде Тайвань әкімшілігі жағдайға жауап ретінде жағалау күзетінің бес кемесі мен патрульдік катерлерін жұмылдырған.
Оқиғаның шиеленісуіне Филиппин президентінің Жапонияға сапары барысында жарияланған бірлескен мәлімдеме себеп болған. Құжатта Токио мен Манила Тайваньның шығысындағы теңіз кеңістігінде ерекше экономикалық аймақтар мен континенттік қайраңды межелеу бойынша келіссөздерді бастайтынын хабарлаған.
Тайвань мәселесі Шығыс Азиядағы негізгі геосаяси шиеленіс ошақтарының бірі болып саналады. Бейжің аралды Қытай аумағының ажырамас бөлігі деп есептейді және Тайваньның тәуелсіздігін мойындауға ұқсайтын кез келген әрекетке қатаң қарсылық танытып келеді.