ҚазТАГ-пен дауы бар «Фридом Финанс» АҚ мәлімдеме жариялады
ҚазТАГ басылымымен дауы бар «Фридом Финанс» АҚ ресми сайтында мәлімдеме жариялады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
БАНК НЕ ДЕЙДІ
Банк соңғы уақытта жария ақпарат кеңістігінде компанияға қатысты шындыққа сәйкес келмейтін ақпараттың таралуына байланысты іс белсенді талқыланып жатқанын атап өтеді.
“Біз медиа қауымдастық өкілдері мен өзге де мүдделі тұлғалардың көптеген пікірлері мен мәлімдемелерін көріп отырмыз. Біз ешқашан журналистерге қатысты, тіпті заңнамада көзделген қатаң жауапкершілік шараларын қолдануға мүдделі болған емеспіз. Материалдық залалды өтеу, жауапты тұлғаларды материалдық жауапкершілікке тарту, редакция тарапынан жария түрде кешірім сұрату және осыған ұқсас өзге де шаралар біз үшін негізгі мақсат емес. Біз үшін ең маңыздысы – компанияның іскерлік беделін қорғау. Компания ҚазТАГ ХАА-ға жолдаған сотқа дейінгі талап-арызында дәл осы талаптарды көрсетті және біз дауды дәл осы шарттар негізінде медиация тәртібімен реттеуге әлі де дайынбыз”, – делінген хабарламада.
Компания өзінің мақсаты – заңда көзделген құқықтарды қорғау тетіктері аясында «Фридом Финанс» АҚ-на қатысты таратылған шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді теріске шығару дейді.
“Компанияның осы мақсатқа қол жеткізу үшін заң аясында жүзеге асырған барлық әрекеттері, соның ішінде азаматтық талап қоюы және ҚазТАГ ХАА-ға қатысты құқық қорғау органдарына жүгінуі редакцияның дауды сотқа дейінгі тәртіппен реттеуден бас тартуының салдарынан болды. Қазіргі уақытта біз ҚазТАГ ХАА-ға компанияның сотқа дейінгі талап-арызында көрсетілген шарттар негізінде медиативтік келісім жасау арқылы келіспеушіліктерді реттеуді қайта ұсынамыз”, – делінген хабарламада.
Атап айтқанда, «Фридом Финанс» АҚ “ҚазТАГ жариялаған, соның ішінде онлайн-платформаларда таратылған бірқатар материалдарды шындыққа сәйкес келмейтін және «Фридом Финанс» АҚ-ның іскерлік беделіне нұқсан келтіретін жарияланымдар ретінде тануды” талап етпек. “Бұл жарияланымдарға қатысты сілтемелер келісімге енгізіледі. Тергеу барысында ұсынылған құжаттар негізінде аталған мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтіні анықталды. Лингвистикалық сараптама қорытындылары да бұл мәліметтердің теріс сипатқа ие екенін және компанияның іскерлік беделіне нұқсан келтіретінін растайды” делінген хабарламада.
“Екіншіден, компанияның іскерлік беделін қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының «Масс-медиа туралы» Заңының 38-бабына сәйкес шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер таратылған барлық ақпарат көздерінде аталған жарияланымдарға қатысты теріске шығару материалын жариялау және мұндай жарияланымдарды бір мезгілде алып тастау. Үшіншіден, медиативтік келісімге шындыққа сәйкес келмейтін ақпараттың таратылғанын және масс-медиа туралы заңнама талаптарының бұзылғанын мойындау жөніндегі тармақ енгізу. Бұл ретте кінәні мойындау заңнама талаптарының бірі болып табылады, өйткені іс қазірдің өзінде сот қарауы сатысында тұр. Осыған байланысты бұл медиативтік келісім жасасудың маңызды шарттарының бірі саналады. Біз бұқаралық ақпарат құралдарын ақпараттың дұрыстығы мен объективтілігін сақтауға шақырамыз және осы істі медиация тәртібімен реттеуге дайын екенімізді растаймыз”, – делінген хабарламада.
ҚАЗТАГ БАС РЕДАКТОРЫНЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ
Еске сала кетейік, алты айға жуық уақыттан бері үйқамақта отырған ҚазТАГ ақпарат агенттігінің бас редакторы Әмір Қасенов жақында Қазақстан Президентіне видеоүндеу жолдаған еді. Онда ол өзіне тағылған «көрінеу жалған ақпарат тарату» айыбының заңсыз екенін және іске қатысты «қосарланған стандарттар» қолданылып отырғанын мәлімдеген.

«Құрметті Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев! Менің Сізге жолдап отырған үндеуім Сіз жариялаған “Заң мен тәртіп” қағидаттарына, “Әділетті Қазақстан” және “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” идеяларына қатысты болмақ. Сондай-ақ бұл үндеуде тыңшылық, еліміздің ұлттық қауіпсіздігі мүдделеріне нұқсан келтіре отырып ресейлік олигархтардың мүддесін лоббилеу, Қазақстан арқылы санкцияларды айналып өту мәселелері және осының барлығы мені заңсыз қылмыстық қудалаумен қалай сабақтасып жатқаны сөз болады», – дейді Әмір Қасенов өз үндеуінде.
Үйқамақта отырған ҚазТАГ бас редакторының видеоүндеуін 2 маусымға қараған түні оның жақын досы Елдар Жүргенов жариялаған. Кейін ол ҚазТАГ агенттігінің сайты мен әлеуметтік желілерінде де пайда болды. Видеоүндеуге берілген сипаттамада журналистің жұбайына сілтеме жасай отырып, 24 мамыр күні Әмір Касенов мынадай талаптар қойылғаны айтылған: сын материалдарды өшіру, көпшілік алдында кешірім сұрап, журналистерді жәбірленушілер адастырғанын мәлімдеу, алдағы уақытта Freedom Finance тақырыбынан бас тарту. Сондай-ақ онда Әмірдің бірінші және үшінші талаптармен келіскені, алайда екінші тармақтан бас тартқаны хабарланған. «Ол өзінің тек кәсіби міндетін атқарғаны үшін кешірім сұрауға үзілді-кесілді қарсы» делінген жарияланымда.
«Осы алты ай ішінде менімен наурыз айында істің қайта саралануына қатысты таныстырудан басқа бірде-бір толыққанды тергеу әрекеті жүргізілген жоқ. Іс жүзінде мені жай ғана қамап қойды: интернетке кіруге, компьютермен жұмыс істеуге, телефон арқылы сөйлесуге тыйым салынды. Маған тіпті туған анаммен де сөйлесуге болмайды. Жұбайым мен үш баламнан бөлек, менің сөйлесетін жалғыз ортам полиция, сот, прокурор және адвокаттарым. Осыған қарап, мені қылмыстық қудалаудың жалғыз мақсаты – менің жария түрде сөйлеуіме жол бермей, аузымды жабу екені анық», – дейді Әмір Қасенов.
Журналистке «көрінеу жалған ақпарат таратты» деген айып тағылған.