Жаңалықтар

Астана бюджеті триллионнан асты: миллиардтар қайда жұмсалады

Астананың шығыны 1,5 триллион теңгеге жуықтады. Қала бюджетінің жалпы көлемі 1 трлн 483 млрд теңгені құрады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Бұл туралы Астана қаласы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Айжан Түгелбаева мәслихаттың кезектен тыс отырысында айтты.

Оның сөзінше, елорда бюджетіне түскен кіріс көлемі 111,4 млрд теңгеге дейін өскен. Соның ішінде 86,4 млрд теңге – салық түсімдері.

«Қала экономикасы да өсім көрсетіп отыр. Астананың орташа экономикалық өсімі 10%-ға жетті. Халық саны 7,5%-ға көбейсе, құрылыс саласындағы белсенділік 8,2%-ға артты. Ал көлік және логистика секторындағы өсім бірден 30%-ды құрады. Сауда көлемі де 3%-ға өсті», – дейді Түгелбаева.

Оның сөзінше, қоғамдық көлікке бөлінетін субсидия көлемі де артып жатыр. Қазір субсидияланатын автобус бағыттарының саны 110-ға жеткен. Соның нәтижесінде жолаушылар ағыны 12%-ға көбейген.

Биыл Астанада 30 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізіледі. Сонымен бірге ұзындығы 7,6 шақырым болатын жаңа жол учаскелерінің құрылысы жалғасып жатыр. Қалада тазарту құрылыстары мен техникалық су құбырының құрылысына да қаржы қарастырылған.

Бұдан бөлек, LRT-нің жекелеген станцияларын аяқтауға және қаланың шеткері аудандарын дамытуға аудан әкімдіктеріне қосымша 18,3 млрд теңге бөлінеді.

Айта кетейік, бұған дейін Астанадағы LRT атауы өзгеретіні хабарланған болатын.

Back to top button