Тимур Сүлейменов БЖЗҚ-дан ақша алған-алмағанын айтудан бас тартты
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану шегін көтеру туралы шешімге пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл экономика өсімінің тұрақтануынан кейінгі күтілген қадамдардың бірі, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Сүлейменов зейнетақы жинақтарының басты мақсаты – азаматтарды қартайған шақта тұрақты табыспен қамтамасыз ету екенін атап өтті. Ол зейнетақы жүйесіндегі қаражат міндетті түрде жинақталатынын және мемлекет тарапынан қатаң бақылауда болатынын жеткізді.
Брифинг барысында журналист Ұлттық банк төрағасынан өзінің БЖЗҚ-дағы жинағын мерзімінен бұрын пайдаланып көрген-көрмегенін сұрады. Алайда Тимур Сүлейменов бұл сұрақты жеке өміріне қатысты мәселе деп атап, жауап беруден бас тартты.
“Бұл енді менің жеке өміріме қатысты сұрақ. Сондықтан оған жауап бергім келмейді”, – деді ол.
Айта кетейік, мамыр айының соңында зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегін есептеудің жаңа әдістемесі бекітілді. Соған сәйкес, енді БЖЗҚ-дағы қаражатты мерзімінен бұрын пайдалану қиындай түспек. Жаңа шек көлемі 12 маусымға дейін жариялануы тиіс.
Ең төменгі жеткіліктілік шегі – азамат зейнетке шыққаннан кейін ең төменгі деңгейден төмен емес төлем алуы үшін шотында қалуы қажет қаражат көлемі. Ал осы межеден асатын жинақты қазақстандықтар баспана сатып алуға, емделуге немесе инвестициялық басқаруға бере алады.