TOP-2Геосаясат

«Соғыстан шығудан қорықпаңыз»: Зеленский Путинге ашық хат жолдады

Украина президенті Владимир Зеленский Ресей басшысы Владимир Путинге соғысты тоқтату үшін кездесуді ұсынды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Украина президенті Владимир Зеленский Ресей президенті Владимир Путинге арнап ашық хат жариялады. Онда Украина басшысы соғыс Кремль жетекшісінің жеке таңдауы болғанын айтып, оны тікелей келіссөздерге шақырып, жеке кездесудің күнін белгілеуді ұсынды.

Зеленский Путиннің президенттігінің алғашқы кезеңінде көптеген украиналықтар оған оң көзқараспен қарағанын, алайда соғыс жылдары бұл көзқарастың түбегейлі өзгергенін еске салды.

«Сіз НАТО, геосаясат немесе орыс тілі туралы не айтсаңыз да, бұл соғыс – сіздің жеке таңдауыңыз, ешқандай нақты себебі жоқ соғыс. Тарих оны дәл осылай есте сақтайды», – делінген хатта.

«Соғыстан шығудан қорықпаңыз»

Үндеудің едәуір бөлігі майдандағы жағдай мен қақтығысты реттеу перспективаларына арналған. Киев әскери қимылдардың жалғасуына мүдделі емес екенін және соғысты аяқтау мәселесін талқылауға дайын екенін мәлімдеді.

«Соғыстан шығудан қорықпаңыз – дәл қазір сізден талап етілетін ең басты нәрсе осы. Украина тәуелсіздігін сақтап қалды және сақтай береді. Қандай болжамдар айтылса да.

Біз Украинада мәңгілік соғысты қаламаймыз. Соғыссыз өмірдің әлдеқайда жақсы екенін жақсы білеміз. Біз соған қол жеткізгіміз келеді», – деп жазды Зеленский.

Украина президенті Путинге бейтарап алаңда жеке кездесу өткізіп, соғысты аяқтау жолдарын талқылауды ұсынды. Оның пікірінше, келіссөздер процесіне болашақ келісімдердің ықтимал кепілгерлері ретінде АҚШ пен Еуропа елдері де қатысуы тиіс.

«Мен сізге кездесу өткізуді ұсынамын. Соғыс пен бейбітшілік мәселелерін шешу үшін мемлекет басшыларын дәстүрлі түрде қабылдайтын елдер бар. Швейцария, Түркия, араб елдері – мұндай кездесуді қабылдауға дайын әрі ниетті мемлекеттер көп. Негізгі мәселелерді дәл көшбасшылар шешеді, бұл бұрын да солай болған және алдағы уақытта да солай болады».

Украина келіссөздер кезеңінде атысты толық тоқтатуға, әскери тұтқындарды «бәрін бәріне айырбастау» қағидаты бойынша алмастыруға, сондай-ақ соғыс кезінде әкетілген бейбіт тұрғындар мен балаларды қайтару мәселесін талқылауға дайын екенін жеткізді.

«Қазіргі майдан шебі – дипломатия басталуы тиіс шеп. Украина келіссөздер кезінде атысты толық тоқтатуға дайын. Шынайы тыныштық орнатуға жасалған талпыныс – бір-бірімізбен сөйлесуді бастаудың ең жақсы жолы», – делінген үндеуде.

Хатының соңында Зеленский алдағы жолды таңдау Ресей басшылығының құзырында екенін атап өтті. Сонымен қатар Украина өз тәуелсіздігі үшін күресті жалғастыра беретінін мәлімдеді.

Back to top button