Астанада жүргізуші жасөспірімді қағып кетіп, оқиға орнынан кетіп қалған

Астанада жүргізуші жаяу жүргіншілер өткелінде жасөспірімді қағып кетіп, оқиға орнынан кетіп қалған, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Бұл оқиға түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарады. Кадрлардан Toyota RAV4 көлігі Сығанақ даңғылы мен Төле би көшесінің қиылысында велосипедпен келе жатқан жасөспірімді қағып кеткені көрінеді. Соққыдан бала құлап, аяғындағы аяқ киімі ұшып кеткен. Алайда оның ауыр жарақат алмағаны байқалады, өйткені ол өздігінен орнынан тұрған. Осыдан кейін жүргізуші көліктен де түспестен, жолын жалғастырып кеткен.
Астана қалалық полиция департаменті жол-көлік оқиғасына кінәлі жүргізушінің анықталғанын хабарлады.
«Toyota RAV4 автокөлігінің жүргізушісі анықталды. Ол реттелетін жаяу жүргіншілер өткелінен өту кезінде жолдың жүру бөлігін бағдаршамның рұқсат етілген сигналы бойынша кесіп өтіп бара жатқан жаяу жүргіншіні қағып кеткен», – делінген хабарламада.
Аталған жол-көлік оқиғасы бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылданады. Көлік коммуналдық айып тұрағына қойылды.