TOP-2Геосаясат

Ресей қысымды үдете түскен кезде Еуродақ Арменияға 50 млн доллар бөлуге уәде етті

Еуроодақ Ресейдің экономикалық қысымы жағдайында Арменияға қолдау көрсету шараларын әзірлеп жатыр, деп жазады DW.

Еуропалық комиссияның төрағасы Урсула фон дер Ляйен Ресейдің экономикалық қысымы жағдайында Арменияны қолдау шаралары әзірленіп жатқанын мәлімдеді. Оның ішінде көлемі 50 миллион еуродан асатын шұғыл қаржылық көмек те бар.

Еуропалық Одақ Ресей тарапынан көрсетіліп отырған «экономикалық мәжбүрлеу» жағдайында Еревандағы билікке қолдау көрсету шараларын дайындап жатыр. Бұл туралы 4 маусым, бейсенбі күні Армения премьер-министрі Никол Пашинянмен телефон арқылы сөйлескеннен кейін Еуропалық комиссия (ЕК) төрағасы Урсула фон дер Ляйен мәлімдеді. Мұндай шаралардың қатарында 50 миллион еуродан асатын шұғыл қаржылық көмек те қарастырылған.

«Бұл тек бастамасы ғана. Пакет армяндық бірқатар тауарлар, әсіресе агроазық-түлік өнімдері үшін сауда шарттарын жеңілдетуді көздейді. Сонымен қатар гүл өсіру сияқты зардап шеккен салаларға практикалық қолдау көрсетіледі», – деді фон дер Ляйен.

Оның айтуынша, 5 маусымда Латвияға 10 мың армян гүлі жеткізілуі тиіс.

«Одан кейін де басқа партиялар келеді», – деп қосты Еурокомиссия басшысы.

Сондай-ақ ол Еуроодақтың Арменияға «аймақтық көлік байланыстары қайта жанданған сайын инфрақұрылым мен шекаралық өткізу бекеттерін дамытуға», атап айтқанда Түркиямен қатынасты дамытуға көмектесуге дайын екенін білдірді.

«Біз бұл басым бағыттар бойынша жұмысты 23 маусымда өтетін «Көлік қолжетімділігі платформасы» форматындағы министрлер деңгейіндегі кездесуде жалғастырамыз», – деді Урсула фон дер Ляйен.

Мәскеу мен Ереван арасындағы қарым-қатынас ЕО – Армения саммитінен кейін шиеленісті

Еурокомиссия басшысы мен Никол Пашинян арасындағы телефон арқылы әңгіме Ресей мен Армения арасындағы қарым-қатынастың нашарлауы аясында өтті. Бұл үдеріс биылғы мамыр айында өткен алғашқы Армения – Еуроодақ саммитінен кейін басталды.

Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарованың айтуынша, аталған жоғары деңгейдегі кездесудің қорытынды декларациясы Ереванның «өзіне жат стандарттар мен тетіктерге барған сайын тартылып жатқанын» көрсетті.

Оның сөзінше, бұл «ерте ме, кеш пе, Ереванның Брюссельдің антиресейлік бағытына қайтымсыз тартылуына және Армения үшін туындайтын барлық саяси әрі экономикалық салдарға әкеледі».

Ереванды өзге де ресейлік саясаткерлер сынға алды. Атап айтқанда, Мемлекеттік думаның төрағасы Вячеслав Володин Пашинянды «әдепсіз» және «арам» деп атады. Ал Ресей Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Сергей Шойгу Украина президенті Владимир Зеленскийдің саммитке қатысуын «анық түрде достыққа жатпайтын қадам» деп бағалады.

Ресей президенті Владимир Путин Арменияның Еуроодаққа кіру бағытын Украинаның 2014 жылғы осындай ұмтылыстарымен салыстырды. Кейін Ресейдің ауыл шаруашылығы өнімдерін қадағалау жөніндегі федералдық қызметі (Россельхознадзор) Армениядан гүл импорттауға тыйым салды. Бұған Еуразиялық экономикалық одақ үшін карантиндік нысандардың анықталғаны себеп ретінде көрсетілді.

Сонымен қатар ведомство бірқатар жидек, көкөніс пен жеміс-жидек, кептірілген жемістер және «Джермук» минералды суын импорттауға да тыйым салды.

Back to top button