TOP-1Жаңалықтар

Halyk Bank Бағдат Мусинге қатысы бар re:Kassa сервисін толық сатып алды

Халық банк re:Kassa сервисіне иелік ететін «COMRUN» ЖШС-нің 100 пайыз үлесін иеленді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Компания құрылтайшыларының қатарында Цифрлық даму министрлігінің бұрынғы басшысы әрі «Қазақтелеком» компаниясының жетекшісі Бағдат Мусин бар. Тиісті құжат Қаржылық есептілік депозитарийінің сайтында жарияланды.

ҚҰЖАТТА НЕ ЖАЗЫЛҒАН

Құжатқа сәйкес, Halyk Bank 2026 жылғы 3 маусымда «COMRUN» компаниясының 100 пайыз үлесін алғанын хабарлаған. Алайда мәміле құны жария етілмеді. Сондай-ақ банк толық немесе ішінара иелік ететін компаниялар тізімін жариялады. Олардың қатарында «COMBIM», Tenge Bank, Halyk Bank Georgia, Altyn Bank, «СК Халык», «Халык-Life», «Казтелепорт», Halyk Finservice, «Халык-Лизинг», Halyk Finance, Halyk Global Markets, «Halyk Инкассация», «Халык Актив», Halyk Lab, Қазақстан қаржы ұйымдары қауымдастығы, Бірінші кредиттік бюро және Private Company «Open Networks Ltd.» бар.

Comrun компаниясы шағын және орта бизнеске арналған сауда үдерістерін автоматтандыру, кассалық құрылғылармен жұмыс істеу және бизнес-процестерді басқару шешімдерін ұсынатын re онлайн-касса сервисінің иесі болып саналады.

Halyk Bank пен re арасындағы ынтымақтастық 2025 жылдың тамызында басталған. Ол кезде тараптар төлем сервистері, цифрлық кассалар және кәсіпкерлерге арналған автоматтандыру құралдары саласындағы стратегиялық серіктестік туралы мәлімдеген еді. Ал қазан айында олар POS-терминал мен онлайн-кассаны бір құрылғыға біріктірген ортақ өнімді таныстырды.

Adata мәліметінше, Comrun компаниясы Beintech-ке тиесілі. Ал соңғысының иелері қатарында кәсіпкер Данияр Асанов пен Beintech Kazakhstan жеке компаниясы бар. Бұл құрылымның құрылтайшысы — 2025 жылдың қарашасында АХҚО-да тіркелген Бағдат Мусин. Компания Әлия Кенжебекованың сенімгерлік басқаруына берілген.

Бағдат Мусин 2024 жылдың маусымынан бері Қазақтелеком компаниясын басқарады. Бұған дейін, 2020–2024 жылдары Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қызметін атқарған.

«Қазақтелеком» басшысы Бағдат Мусин бұған дейін Тizgin.kz порталына Халық банктің кезінде өзі құрған re:Kassa сервисін сатып алғанын растаған еді.

Back to top button