Михаил Шайдоров жас спортшыларға 6 млн теңге сыйлады
Михаил Шайдоров алматылық жас мәнерлеп сырғанаушыларға 6 миллион теңге сыйлады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Олимпиада чемпионы Алматыдағы №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілерімен кездесіп, Балаларды қорғау күніне орай оларға спорттық жабдық алуға арналған сертификаттар табыстаған.
«Спорт Шрёдингера» басылымының мәліметінше, 30 жас спортшының әрқайсысына 200 мың теңгелік сертификат берілген. Жалпы сома – 6 миллион теңге.
Шайдоров бұл туралы Threads әлеуметтік желісіндегі парақшасында да жазды.
«Қолдау білдірген баршаңызға рақмет! Балаларға қуаныш сыйлап, өз күштеріне деген сенімін арттыра алғаныма өте қуаныштымын», – деді спортшы.
Айта кетейік, Туризм және спорт министрлігі даудан кейін Шайдоровқа айлығы төленетінін мәлімдеген еді.