Қымбат несиелер шағын бизнеске кедергі – сарапшы
Сарапшы Қуат Домбайдың сөзінше, кәсіпкерлердің жоғары пайыздық мөлшерлеме мен салық реформасы қысымынан кәсіпті кеңейтуден бас тарта бастаған, деп хабарлайды Tizgin.kz Inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
ЖОҒАРЫ ПАЙЫЗДЫҚ МӨЛШЕРЛЕМЕ ӘСЕРІ
Спикердің айтуынша, елдегі шағын және орта бизнес ұзақ жылдар бойы тапқан табысын қайта инвестициялау арқылы дамып келді. Десе де, бүгінде бұл тетік іс жүзінде жұмысын тоқтатып барады. Бұған биліктің салық реформасы аясында жеке сектордан шамамен 5 трлн теңге тартуды жоспарлауы және банк несиелерінің қолжетімсіздігі себеп болған.
Қуат Домбай соңғы 6 жылда туризм саласында кәсіп жүргізіп келе жатқанын айтып, өз тәжірибесінен мысал келтірді. Оның сөзінше, жобасын кеңейту үшін несие алуға талпынғанымен, жоғары пайыздық мөлшерлемеге байланысты бұл жоспарынан бас тартуға мәжбүр болған.
САРАПШЫ НЕ ДЕЙДІ
Оның сөзінше, былтыр туризм саласындағы жобамды кеңейту үшін коммерциялық банктердің біріне жүгінді.
Маған кепілзатпен жылдық 22 пайыз, кепілзатсыз 28 пайыз мөлшерлеме ұсынылды. Бірақ мұндай пайызбен даму мүмкін емес. Егер 28 пайыздық несие алсам, 5 жыл бойы тек банк үшін жұмыс істеп, табыс көрмеймін. Банк үшін ақшаның қалай жұмсалғаны маңызды емес, өйткені оның тәуекелі кепілзат арқылы толық жабылған. Салдарынан жаңа қызметкерлер алу мен жобаны ұлғайту жоспары тоқтап қалды, – деді ол.
САЛЫҚ РЕФОРМАСЫ ДА АЛАҢДАТАДЫ
Сарапшы пікірінше, экономикадағы негізгі проблемалардың бірі – Қазақстан Ұлттық Банкі базалық мөлшерлемесінің жоғары болуы және салықтық жүктеменің артуы. Оның айтуынша, Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі 18 пайыз деңгейінде сақталып, коммерциялық несиелер одан да қымбат болып тұрған жағдайда шағын және орта бизнес халықтың әл-ауқатын арттыратын негізгі қозғаушы күшке айнала алмайды.
Қуат Домбайды алдағы салық реформасы да алаңдатып отыр. Оның пікірінше, мемлекет бюджет тапшылығын мемлекеттік шығындарды оңтайландыру арқылы емес, бизнестің айналым қаражатын қысқарту есебінен жабуға тырысуда.