Үкімет декреттік төлемақы орташа мөлшерін жариялады
Үкімет бөліскен ақпаратқа сәйкес, көбі 1 млн теңгеден жоғары алады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
БАЛА ТУҒАНДА БЕРІЛЕТІН ЖӘРДЕМАҚЫ
Олардың мәліметінше, қазір елде балаларға арналған бес негізгі әлеуметтік төлем түрі қарастырылған.
Жұмыс істейтін әйелдерге жүкті болу және босану, сондай-ақ жаңа туған баланы асырап алу жағдайында табыс жоғалтқанда әлеуметтік төлем тағайындалады. Оның көлемі әйелдің соңғы 12 айдағы орташа айлық кірісіне байланысты анықталады. Биыл 1 мамырдағы мәлімет бойынша, орташа мөлшері 1,2 миллион теңгені құрайды.
Бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақы тағайындалады:
- бірінші, екінші және үшінші бала үшін – 164 350 теңге;
- төртінші және одан кейінгі балалар үшін – 272 475 теңге.
ТАБЫСЫН ЖОҒАЛТҚАНДАРҒА КӨМЕК БАР МА
Сондай-ақ, бала 1,5 жасқа келгенше күтім жасау кезінде әйел табысын жоғалтса, әлеуметтік төлем қарастырылған. Жұмыс істейтін нәзік жандылар үшін оның мөлшері соңғы екі жылдағы орташа айлық кірістің 40%-ын құрайды. 2026 жылғы мамырдың басындағы көрсеткіш – 86 062 теңге.
Мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасыларға бөлек қолдау көрсетіледі. Оларға берілетін төлем мөлшері айына 81 871 теңге.
Көпбалалы отбасыларға кіріс деңгейіне қарамастан, ай сайынғы жәрдемақы төленеді:
- төрт баласы бар отбасылар – 69 330 теңге;
- бес баласы бар отбасылар – 86 673 теңге;
- алты баласы бар отбасылар – 104 017 теңге;
- жеті баласы бар отбасылар – 121 360 теңге.
Сонымен қатар, мемлекет «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгісімен марапатталған аналарға қосымша қолдау бар.