Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Мәжілісте ең тиімсіз әрі қисынсыз шешім қабылданды деп мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
“Бүгін білім беру саласына байланысты ең тиімсіз әрі ең қисынсыз шешімдердің бірі қабылданды. Сенаттан кеткен заң жобасын біз бірнеше рет талқыладық. Кәдімгідей пікірталас болды. Бірақ сол кездегі пікірталаста айтылған аргументтерді ескермей, сарапшылардың айтқанын тыңдамай, үн-түнсіз 4 млн баланың тағдырына негативті түрде тікелей әсер ететін тиімсіз шешім қабылданды. Мектептерді, балабақшаларды, сондағы барлық саясатты облыс әкімдерінің құзіреттілігінен алып, аудандық әкімдерге беру!” – дейді Аймағамбетов.
Депутаттың айтуынша, аудан әкімдіктеріне шаруашылық мәселелерін, жөндеу жұмыстарын, материалдық-техникалық база сияқты мәселелер берілгенде түсінікті болар еді.
“Ал біз аудан әкімдеріне білім бөлімдері мен мектеп директорларын тағайындау, ротация және әдістеме мәселесін, білім беру сапасы шаруасын алды да, аудан әкімдіктеріне бере салды. Біз сонда облыс әкімдігіне сенбейміз бе? Білім басқармаларына сенбейміз бе? Бізге 20 бюджетті қадағалау оңай ма, әлде 200-ден аса бюджетті қадағалау оңай ма? Ауданда мұғалімдерді жұмысқа алу кезінде жемқорлық мәселесі ушықпай ма? Мұғалімдерді массавка мен жиналыстарға тартқан бірнеше жыл бұрынғы жағдайға қайтып оралмаймыз ба? Білім саласының сапасы енді қалай болмақ?” – дейді Аймағамбетов.
Еске салсақ, жақында Мәжіліс «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заң жобасын екі оқылымда мақұлдады. Осы құжатта білім беру шығындарын облыстан аудандарға қайтару туралы норма бар.
Сондай-ақ Мәжілістің жалпы отырысында талқылау кезінде депутат Асхат Аймағамбетов білім беру шығындарын облыстық бюджеттен аудандық деңгейге қайтару туралы заң нормасына қарсы шыққан еді. Алайда бұл бастамасын басқа депутаттар қолдамаған.
Айта кету керек, мұғалімдердің өздері бұл бастамаға қарсы болып отыр. Бір топ педагог «e-Petition» платформасында аталған нормаға қарсы петиция жариялаған.
Олардың пікірінше, егер бұл өзгеріс қабылданса, ұстаздар қайтадан әкімдіктердің тапсырмасын орындаушы күшке айналуы мүмкін. Мұғалімдер қоғамдық жұмыстарға тарту сияқты мәжбүрлі жұмыстарға қайта түсеміз деп алаңдайды.