Балмұздақ алуға шыққан: Шымкентте 11 жастағы баланы жүк көлігі қағып өлтірді
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Шымкентте Абай ауданы әкімдігіне қарасты коммуналдық мекеменің ауыр жүк көлігі жаяу жүргіншілер өткелінде 11 жастағы баланы қағып кетті. Бала оқиға орнында қаза тапты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Биыл 5-сыныпты аяқтаған Нұрасыл отбасындағы 6 баланың екіншісі болған. Ол қарындасымен бірге дүкенге балмұздақ алуға шығып, Қайнарбұлақ саяжай алабындағы жолдан өтіп бара жатқан сәтте ауыр техниканың астында қалған.
Куәгерлердің айтуынша, жасөспірім оқиға орнында жан тапсырған. Ал жүк көлігінің жүргізуші бірден қамауға алынып, көлік айып тұрағына қойылды.
«Аталған жайт бойынша қылмыстық іс қозғалып, ұсталған жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды, қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады Шымкент қалалық полиция департаменті.