ЖаңалықтарЭкономика

АҚШ Қазақстаннан импортталатын тауарларға қосымша баж салығын енгізуі мүмкін

Тергеу қорытындысы бойынша АҚШ Сауда өкілдігі жауап шараларын ұсынды және оларды қоғамдық талқылауға шығарды.

АҚШ Қазақстанды мәжбүрлі еңбекпен өндірілген тауарлардың импортына тыйым салмаған немесе мұндай тыйымды тиімді түрде қолданбай отырған елдер қатарына енгізіп, олардың өнімдеріне қосымша кедендік баж салығын салуды ұсынды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

АҚШ Сауда өкілдігі кеңсесінің хабарлауынша, 1974 жылғы Сауда туралы заңның 301-бабына сәйкес жүргізілген зерттеу нәтижесінде 60 ел мен экономиканың әрекеттері, саясаты мен тәжірибесі АҚШ саудасына кедергі келтіреді деп танылған.

Тергеу қорытындысы бойынша АҚШ Сауда өкілдігі жауап шараларын ұсынды және оларды қоғамдық талқылауға шығарды. Атап айтқанда, тек арнайы ерекшеліктерді қоспағанда, тергеуге іліккен елдерден әкелінетін барлық тауарларға қосымша баж салығын енгізу ұсынылды.

АҚШ бағалауынша, мәжбүрлі еңбекпен өндірілген тауарлардың импортына тыйым салмаған немесе оны тиімді түрде қамтамасыз етпеген 54 экономика анықталған. Бұл тізімге Қазақстанмен бірге Алжир, Аргентина, Австралия, Бразилия, Қытай, Үндістан, Жапония, Ресей, Ұлыбритания, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері және басқа да елдер кірді.

Бұдан бөлек, қолданыстағы тыйымды тиімді орындамай отыр деп танылған алты экономика қатарына Канада, Эквадор, Еуропалық Одақ, Индонезия, Мексика және Пәкістан енгізілген.

Импортқа тыйым салу шараларын енгізген немесе тиісті халықаралық міндеттемелер қабылдаған елдер үшін қосымша баж салығы 10% деңгейінде ұсынылған.

Ал қалған экономикалар үшін қосымша баж салығының мөлшерлемесі 12,5% болуы мүмкін.

Сондай-ақ АҚШ Section 301 аясында кейбір елдерден әкелінетін тоқыма және тігін өнімдеріне арналған арнайы механизм енгізуді жоспарлап отыр. Ол белгілі бір көлемдегі импортты төмендетілген тарифтермен жеткізуге мүмкіндік береді.

АҚШ Сауда өкілдігі 2026 жылғы 12 наурызда 60 экономикаға қатысты тергеу бастаған. Тергеу барысында қоғамдық тыңдаулар өткізіліп, шамамен 60 куәгердің пікірі мен 500-ге жуық ұсыныс және қарсылық қаралған.

Нәтижесінде АҚШ Сауда өкілдігі қарастырылған барлық 60 экономика мәжбүрлі еңбекпен өндірілген тауарлар импортына тыйым салмаған немесе мұндай тыйымды тиімді түрде орындамай отыр деген қорытындыға келген.

Back to top button