“Димашқа алғыс білдіргіміз келеді”: латынамерикалық фанаттар қазақ тілінде өтетін жобаны қолға алмақ
Димаш Құдайбергеннің Латын Америкасындағы жанкүйерлері алты елдегі тыңдарманның басын қосқан «Өмір» атты халықаралық шығармашылық жобаны таныстырды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ДИМАШТЫҢ ӘНІН ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ОРЫНДАДЫ
Аталған жобаға Коста-Рика, Мексика, Боливия, Аргентина, Уругвай және Чили елдеріндегі Dears қауымдастығының мүшелері қатысты. Олар Димаштың «Өмір» әнін қазақ тілінде орындап, өнер иесіне деген құрметтері мен ықыластарын білдірді.
Жоба қатысушыларының сөзінше, бұл ән Димаш үшін де, оның әлемнің әр түкпіріндегі жанкүйерлері үшін де маңызы зор. Әр қатысушы уақытын, дауысы мен шығармашылық еңбегін ортақ мақсат жолында біріктірген.
ҚАЗАҚ МӘДЕНИЕТІН ТАНЫП КЕЛЕДІ
Димаштың әлемнің әр түкпіріндегі жанкүйерлері оның әндерін қазақ тілінде айтып жүр. Олар осы арқылы қазақ тілі мен мәдениетін біртіндеп танып келеді.
«Өмір» әні арқылы біз Димашқа ізгі тілектерімізді, айрықша талантына деген алғысымызды және Латын Америкасындағы Dears қауымдастығының шексіз сүйіспеншілігін жеткізгіміз келді», – деді жоба қатысушылары.