Алматыдағы үш кісінің өлімі. Күдікті сотталса түрмеден қашан шығуы мүмкін – ІІМ жауабы
Ішкі істер министрлігі, құқық қорғау органдары бұл қылмыстық істі зерттеп, себебін анықтады.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Мәжіліс кулуарында Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған жол апатына қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Тілші «Әл-Фараби даңғылындағы жол апатына қатысты адвокат Джохар Өтебеков жақында осындай істерге қатысты 7-10 жыл санкция жарияланғанына қарамастан, сот әдетте 5 жыл беретінін айтты, себебі тергеу изоляторында жатқан 1 күн 2,5 күнге теңестіріледі. Демек 3 адамның өліміне себеп болған адам 1 жыл 3 айдан кейін бостандыққа шыға ала ма?» деген сұрақ қойды.
«Ішкі істер министрлігі, құқық қорғау органдары бұл қылмыстық істі зерттеп, себебін анықтағаны өздеріңізге белгілі. Қазіргі уақытта бұл іс сотқа жолданды. Сотқа кеткен іс бойынша пікір айту менің құзіретіме жатпайды. Бұған қатысты сот шешім шығаратынын айтқым келеді. 2 жыл бұрын біз Қылмыстық кодекстің 306-бабына түзету енгіздік, яғни 2 немесе одан да көп адамның өліміне себеп болған адам 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады», – дейді Санжар Әділов.
Ол тәжірибе жүзінде қалай болатыны туралы сұраққа жауап бере алмайтынын, ол сұраққа жауап беру соттың құзіретінде екенін айтты.
Еске сала кетсек, белгілі адвокат Джохар Өтебеков Алматыдағы әл-Фараби даңғылында үш кісіні көлігімен қағып өлтірген күдікті бір жылдан кейін-ақ түрмеден босап шығуы мүмкін екенін айтқан.