Сәрсәмәлиев кінәлі деп айтуға болмайды – адвокаты

Бұрынғы әйелінің ет жақын туыстарын өлтірді деп күдікке ілінген атыраулық Сұлтан Сәрсемәлиевті адвокат Асан Жұмабаев тегін қорғап жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
“Адвокаттың өзінің құқығы бар. Қайырымдылық әрі қоғамдық негізде адвокат тегін қызмет көрсете алады. Мен сол негізде тегін қызмет көрсетіп отырмын. Әлеуметтік көмек қайырымдылық негізде көрсетіліп жатыр”, – дейді ол журналист Жанат Жақсыбайқызына берген сұхбатында.
Асан Жұмабаевтың сөзінше, сотта Сұлтан Сәрсемәлиев кінәсін толық мойындағанына қарамастан, оны кінәлі деуге болмайды. Журналистер қайта-қайта сұрақ қойса да, адвокат осы сөзінен танбады әрі өз қорғауындағы Сәрсемәлиевке қарсы жауап бермейтінін мәлімдеді.
”Сәрсемәлиев кінәлі деуге болмайды. Оның кінәлі немесе кінәсіз екенін сот шешеді”, – дейді ол.
Атырау облысының мамандырылған қылмыстық істер жөніндегі сотында Сұлтан Сәрсемәлиев өзіне тағылған айыпты ішінара мойындаған. Ол қайын жұртындағы төрт адамды өлтірді деген күдікке ілінген еді. Одан бөлек ұрлық және алаяқтық жасады деп айыпталып отыр.
Сотта Сұлтан Сәрсемәлиев Наурыз Мұқанғалиевті қасақана өлтірді деген айыппен келіскен жоқ. Айтуынша, мұндай әрекетке өзін қорғау үшін барды. Бұл жағдай абайсызда болғанын айтты.
Сонымен қатар қайын атасы Мақсот Қарабалинді 9 рет, Нәсіп Өтешқалиеваны 8 рет пышақтап, екеуін қасақана өлтіргенін мойындады. Қайын апасы Мейрамгүл Қарабалинаны 32 рет пышақтаған.
Сәрсемәлиев қылмыстық кодекстің 13 бабы бойынша айыпталып отыр.