Жаңалықтар

«Таза Қазақстан» күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды – Ерлан Қарин

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин «Таза Қазақстан» жобасы жөнінде пікір білдіріп, науқанның күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналғанын атап өтті, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Мемлекеттік кеңесші бұл пікірін телеграм-арнасында жазды. Оның сөзінше, дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында еліміздің барлық өңірінде «Таза Қазақстан» науқаны аясында экологиялық акциялар өтіп жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен жалпыұлттық жоба небәрі екі жылдың ішінде еліміздің қалалары мен ауылдарын абаттандыруға әрі көгалдандыруға бағытталған бұқаралық қоғамдық қозғалысқа айналған.

“Бұған қоса «Таза Қазақстан» құндылықтары ең жоғары конституциялық мәртебеге ие болды. Атап айтқанда, жаңа Ата Заңның преамбуласында алғаш рет табиғатты аялау қажет екені нақты көрсетілген. Ал Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттары қатарында жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясын ілгерілету және жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру міндеті белгіленді.

«Таза Қазақстан» жобасы «Заң және Тәртіп» қағидатымен әрі «Адал азамат» бағдарламасымен қатар жаңа қоғамдық этиканы қалыптастырудың маңызды құралы болып саналады. Сол себепті Мемлекет басшысы өзінің сөйлеген сөздерінде жауапкершілікке, саналылыққа, құқықтық тәртіпті сақтауға, ең бастысы отансүйгіштікке негізделген мінез-құлық модельін орнықтыру мен ілгерілетудің маңыздылығына ерекше назар аударады”, – дейді ол.

Ерлан Қариннің айтуынша, жауапты әрі жасампаз отаншылдық әр азаматтың айналасындағы тазалық пен тәртіпті сақтауынан, табиғатқа жанашырлықпен қарауынан және вандализмге қарсы күресінен басталады. Екі жыл ішінде «Таза Қазақстан» жобасы аясында нақты нәтижелерге қол жеткізілген. Ел бойынша шамамен 6,5 миллион адамның қатысуымен 1,5 мың экологиялық іс-шара өткізілген. Соның ішінде Мемлекеттік кеңесші ең алдымен, жастардың белсенділігін ерекше атап өтеді. Белсенді азаматтардың ұйытқы болуымен 2 миллион тонна қоқыс жиналып, шамамен 5,5 миллион ағаш егілген. Сонымен қатар елімізге келген мемлекет басшыларының, танымал өнер қайраткерлері мен спортшылардың «Таза Қазақстан» жобасын қолдап, ағаш отырғызуы игі дәстүрге айналған.

“Осылайша, Қазақстан қоғамдық бірлікті күрделі әрі абстрактілі идеологиялық тұжырымдамалар төңірегінде емес, баршаға түсінікті қарапайым әрі әмбебап құндылықтар негізінде қалыптастыруға болатынын айқын көрсетіп, жаңа үрдістің негізін қалауда. Мәселен, жуырда Парламентте саяси партиялардың барлығы өз бағдарламалары мен жарғыларына «Таза Қазақстан» қағидаттарын енгізуі қажет екені туралы ұсыныс айтылды. Түптеп келгенде, бұл – идеологиялық жаңғырудың іргетасы.

Осылайша, «Таза Қазақстан» жобасы кең қоғамдық қолдауға ие болып қана қоймай, біртіндеп күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне де айналып келеді”, – дейді Ерлан Қарин.

Еске сала кетейік, Алатау қаласының келешегі талқыланған бүгінгі жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке, әкімдерге  «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының орындалуы, бұл – конституциялық міндет» екенін шегелеп айтқан еді.

Back to top button