Қазақстан шетелдіктерге не үшін зейнетақы төлеген – министрлік жауап берді
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өмірден өткен азаматтарға, сондай-ақ шетелдіктерге зейнетақы төленгені жөнінде тараған ақпаратқа ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
МИНИСТРЛІК МӘЛІМЕТІ
Жоғарғы есеп палатасы мұндай фактілерді жүргізген тексеріс кезінде анықтаған. Осыған дейін Қазақстанда зейнетақы төлемдері көз жұмғандар, хабар-ошарсыз кеткендер және Ауғанстан, Нигерия, Үндістан азаматтары шоттарына кеткені хабарланған. Жалпы сомасы – 21 миллиард теңге.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Аскарбек Ертаевтың айтуынша, Жоғарғы есеп палатасы шынымен де тексеріс жүргізді. Бірақ кей мәліметтер нақтылауды қажет етеді.
«Жоғарғы есеп палатасы 2020-2024 жылдар аралығында министрлікте тексеру жүргізді. Нәтижесінде 67 мың алушыға (шетелдіктерге) 20,8 миллиард теңге төленген фактілер анықталды», – деді министр.
ҚАЛҒАН АҚША ҚАЙТАРЫЛА МА
Оның сөзінше, төленген қаражаттың бір бөлігі қайтарылған.
«Осы қаражатты алсаң, 57 мың адам13,5 миллиард теңгені қайтарды. Қазір мемлекеттік «Үкімет – азаматтарға» корпорациясы қалған шамамен 6 миллиард теңгені 4 400 шетелдік азаматтан қайтару жұмыстарын жүргізіп жатыр», – деп түсіндірді Ертаев.
СОТ АРҚЫЛЫ ҚАЙТҚАН АҚША
Сонымен қатар, 120 адамның бақилық болуына байланысты шамамен 500 миллион теңге сот арқылы қайтарылған.
Министр шетелдіктерге төлемдер халықаралық келісімдер аясында жүзеге асырылатынын атап өтті.
«Қазақстан халықаралық келісімдерге қосылған. Егер шетелдік азамат Қазақстанда жұмыс істеп, аударымдар жасап, зейнетке шықса, біз оған зейнетақы төлеуге міндеттіміз. Сол секілді Қазақстан азаматтары басқа елдерде төлем алады», – деді Ертаев.
Ол қаражатты қайтару жұмыстары әлі де жалғасып жатқанын, процесс толық аяқталмағанын айтты.