“Күйеуім тек қорғанған”: Қазақстан азаматы Қытайда кісі өлтірді деген күдікпен ұсталды
Қытайда ұсталған Қазақстан азаматы Махмұтхан Шерназаровтың туыстары әлеуметтік желі арқылы елден көмек сұрады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Threads желісінде жарияланған жазбада отбасы Қытайда болған қайғылы оқиғаға байланысты істің әділ әрі жан-жақты қаралуын сұраған. Айтуларынша, Махмұтхан Шерназаров Қытай азаматы қаза тапқан жанжалдың ортасында қалған.
Туыстарының мәліметінше, оқиға кезінде бірнеше адам Қазақстан азаматына жабылып, оны соққыға жыққан. Жазба авторы бұл жағдайдың бейнежазбасы бар екенін де айтқан.
«Оған бірнеше адам тап берді. Қашып кетуге мүмкіндік болмаған. Махмұтхан өз өмірін қорғауға мәжбүр болды. Адам өлімі осы өзін-өзі қорғау кезінде болған», – делінген жазбада.
Жақындары қазақстандықтың әдейі шабуыл жасамағанын айтып, Қытай тарапы барлық дәлелді, соның ішінде бейнежазбаларды ескеріп, әділ шешім қабылдайды деп үміттенетінін жеткізді.
Осы жағдайға қатысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі де пікір білдірді.
Ведомствоның хабарлауынша, Қазақстанның Гуанчжоу қаласындағы Бас консулдығына Қытайдың Гуандун провинциясы қоғамдық қауіпсіздік басқармасынан ресми хабарлама түскен.
«Қытай тарапының мәліметіне сәйкес, Қазақстан азаматы денсаулыққа қасақана зиян келтіруге байланысты күдікпен ұсталған», – деп мәлімдеді СІМ.
Министрлік Қазақстан тарапы Қытайдың құзырлы органдарына қосымша ақпарат сұрап ресми сауал жолдағанын хабарлады.
Сондай-ақ қазақстандық дипломаттар ұсталған азаматтың туыстарымен тұрақты байланыста болып, қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатқаны айтылды. СІМ бұл мәселе министрліктің бақылауында екенін мәлім етті.
Посмотреть эту публикацию в Instagram