ЖаңалықтарҚоғам

Өнеркәсіптік қауіпсіздік инспекторларына 70%-ға дейін үстемеақы төленеді

Ведомство кадрлық әлеуетті күшейтуге бағытталған бірқатар шараны қолға алып отыр.

Қазақстанда өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы маман тапшылығы өзекті мәселеге айналып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Министрдің айтуынша, өндіріс орындарындағы қауіпсіздікті бақылауға жауапты инспекторлар саны қазіргі таңда жеткіліксіз. Осыған байланысты ведомство кадрлық әлеуетті күшейтуге бағытталған бірқатар шараны қолға алған.

Атап айтқанда, еліміздің техникалық жоғары оқу орындарымен меморандумдар жасалып, оқу бағдарламаларына «Өнеркәсіптік қауіпсіздік» пәнін енгізу басталды. Бұл қадам болашақта салаға бейінді әрі кәсіби мамандар даярлауға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Сонымен қатар, министр өнеркәсіптік қауіпсіздік инспекторларын әлеуметтік қолдау мәселесіне де тоқталды. Оның сөзінше, Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауының арқасында 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап аталған сала инспекторларына 30%-дан 70%-ға дейін үстемеақы төлеу жоспарланып отыр.

«Қабылданған шаралар өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы кадрлық әлеуетті нығайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде», – деді Шыңғыс Әрінов.

Айта кетейік, соңғы жылдары өндірістегі апаттар мен техника қауіпсіздігіне қатысты оқиғалар жиілеп, бұл саладағы бақылауды күшейту мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Сарапшылар өнеркәсіптік қауіпсіздік инспекторларының тапшылығы ірі өндіріс орындарындағы тәуекелдерді арттыратынын айтып жүр.

 

Back to top button