Спорт

Темірлан Анарбеков Чемпиондар лигасының үздік ойыншылары қатарына енді

Алматылық “Қайрат” клубы қақпашысы Темірлан Анарбеков Flashscore нұсқасына сәйкес УЕФА Чемпиондар лигасының 2024/25 маусымындағы үздік ойыншылар қатарына енді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

ТАРИХИ ЖЕҢІС СЫЙЛАДЫ

Жалпы кезең қорытындысында Анарбеков сейвтер саны бойынша жоғары нәтиже көрсетті.

Ол алты матчта қарсыластардың 26 қауіпті соққысын қайтарып, бұл көрсеткіш бойынша марсельдік “Олимпиктің” қақпашысы Херонимо Рульимен теңесті. Рейтингте көш басында Никита Хайкин тұрса, екінші орынға мадридтік «Реалдың» тәжірибелі қақпашысы Тибо Куртуа жайғасты.

Темірлан Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде “Реал” мен “Спортингке” қарсы матчтарға қатысқан жоқ. Бұл кездесулерде “Қайраттың” жас қақпашысы Шерхан Қалмұрза алаңға шыққан.

Темірлан Анарбеков плей-офф кезеңінде шотландиялық “Селтикке” қарсы өткен ойында үш пенальти қайтарып, “Қайратқа” тарихи жеңіс сыйлады. Соның нәтижесінде алматылық клуб Чемпиондар лигасы жалпы кезеңіне жолдама алды.

“ОЛИМПИАКОСҚА” ҚАРСЫ ӨТКІЗГЕН ОЙЫНДА ЕРЕКШЕЛЕНДІ

Аталған матчта Темірлан негізгі қақпашы Александар Заруцкийдің жарақатына байланысты алаңға шыққан еді. Ол берілген мүмкіндікті толық пайдаланып, команданың басты қаһармандарының біріне айналды.

Сондай-ақ Чемпиондар лигасының алтыншы турында өткен “Қайрат” пен “Олимпиакос” арасындағы кездесуде де Анарбеков ерекше ойын көрсетті.

Сол матч қорытындысында ол ойынның үздік ойыншысы (MVP) атанды. Осылайша Темірлан Чемпиондар лигасы тарихында MVP атағын алған алғашқы қазақстандық футболшы ретінде тарихқа енді.

Back to top button