ЖаңалықтарҚоғам

«ҚазАвтоЖол»: жүргізушілер жол ақысын төлемеу үшін нөмірлерін жасырады

Мұндай заңбұзушылықтар көбіне жол ақысын төлеуден жалтару және бақылау-есепке алу жүйелерін айналып өту мақсатында жасалады.

2026 жылдың басынан бері республикалық маңызы бар ақылы автожолдарда жалған, жасырылған, өзгертілген немесе оқуға келмейтін мемлекеттік тіркеу нөмірлерін пайдаланудың 1 942 фактісі анықталды, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы «ҚазАвтоЖолға» сілтеме жасап.

Ұлттық компания ақылы жол учаскелерінде мемлекеттік нөмірлерін жасыратын немесе жалған нөмір белгілерін пайдаланатын көлік құралдарына бақылауды күшейткенін мәлімдеді.

Компанияның мәліметінше, мұндай заңбұзушылықтар көбіне жол ақысын төлеуден жалтару және бақылау жүйелерін айналып өту мақсатында жасалады. Мұндай әрекеттер жол-көлік оқиғалары, жол қозғалысы ережелерін бұзу және өзге де жағдайлар кезінде көлік құралын анықтауды қиындатады.

«ҚазАвтоЖол» мамандары ақылы жол учаскелеріне тұрақты мониторинг жүргізетінін атап өтті. Анықталған барлық заңбұзушылық материалдары қолданыстағы заңнама аясында шара қабылдау үшін ішкі істер органдарына, оның ішінде патрульдік полиция бөлімшелеріне жолданады.

«Заңбұзушылықтарға көлік құралына тиесілі емес нөмірлерді пайдалану, жалған немесе өзгертілген мемлекеттік тіркеу нөмірлерін орнату, сондай-ақ нөмірді тануға кедергі келтіретін арнайы үлдірлерді, жапсырмаларды, перделерді, аударылып тұратын механизмдерді, электронды панельдерді және басқа да құрылғыларды қолдану жатады», – деп жазылған хабарламада.

Компания мемлекеттік тіркеу нөмірі таза, анық көрінетін және белгіленген орынға орнатылған болуы тиіс екенін еске салды. Оқылмайтын, стандартқа сай келмейтін немесе дұрыс орнатылмаған нөмірлер үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Ал жалған нөмірлерді немесе оларды жасыруға арналған құрылғыларды пайдалану жүргізуші куәлігінен айыруға дейінгі қатаң шараларға әкелуі мүмкін.

Back to top button