Заңгер Әділетхан Молдахан сотта кінәсін толық мойындады
Келесі сот отырысы 16 маусымға белгіленді.
Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған резонансты жол-көлік оқиғасын жариялап жүрген заңгер әрі блогер Әділетхан Молдахан сотта өз кінәсін толық мойындады, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы ZTB.KZ басылымына сілтеме жасап.
Ол көрінеу жалған ақпарат таратты деген айып бойынша сот алдында жауап беруде. Сот отырысында заңгер өзіне тағылған айыппен келісетінін растады.
Қорғаушы тарап процесс қатысушылары арасында ықтимал келісімді талқылау үшін уақыт беруді сұрады. Сондай-ақ, адвокаттар Молдаханды қамаудан босатуға әрекеттенгенімен, сот оны қамауда қалдыру туралы шешім шығарды.
Келесі сот отырысы 16 маусымға белгіленді.
Еске салсақ, бұған дейін Әділетхан Молдахан Әл-Фараби даңғылындағы жол апатына қатысты бейнематериалдар жариялап, оқиға жөнінде өз болжамдарын айтқан болатын. Заңгер 31 наурызға қараған түні ұсталған еді.
Еске салсақ, бұған дейін Алматы соты әл-Фараби даңғылында болған, үш адамның өліміне апарып соққан жол апатына қатысты іс бойынша айыпталушы Александр Пактың фото және видео материалдарын жариялауға тыйым салғанын жаздық.